Нахақ құрбаны

Бұл бетте «Нахақ құрбаны» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Нахақ құрбаны –
Мәрт балам,
Бір жасайды елменен –
Тас емшегімді иіткен
Перзентке тән қылығың.
Періште қанат,
Ақ табан
Жебей соққан желменен
Туымдас тегі түбітпен
Желкілдейді тұлымың...
Тауаным болар тартпаған,
Көресім шығар көрмеген –
Құйқасы көмір күйіктен
Артыңдағы суық тірімін.
Ақырға иек артпаған,
Ақынның жыры өлмеген –
Жаратқан жар-биіктен
Салғанмен ажал құрығын...
Құдайым оңдап хақтанса,
Аруақ қолдап қуаттанса,
Болмысымды ақыл тақтанса,
Қыдыр дарыса,
Бақ қонса,
Ұстанған жолым ақ болса:
Ұлы Қайғыммен –
Иісі Қазақтың
Қалың ұрпағы құлақтанса –
Өлмейсің сен де, Құлыным!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері