Нөл туралы толғау

Бұл бетте «Нөл туралы толғау» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

«Единица болмаса, Не болады өңкей нөл» (Абай)

Нөл туралы қанша дана толғанса,
Жатыр алда біз көрмеген жол қанша?!
Таусылмайды өмірбақи есебі,
Барлық санды түгел санап болғанша.
Нөл дегенің – қараңғы түн, бұлдыр күн,
Осы нөлмен миллиондарды бүлдірдім.
Нөл дегенің – жарылмаған жұмыртқа,
Нөл дегенің – бір үзігі шынжырдың.
Бұл фәниден аттанғандар бақиға
Мың жасайды деп айтуға тати ма?!
Нөлге ұқсайды толған ай да кей кезде,
Нөлге ұқсайды саусақтағы сақина.
Нөлге ұқсайды қалтаңдағы тиын да,
Ақша жұмсап, құр қол қалу қиын ба?!
Тыр жалаңаш нөлден бастау алады
Барлық малың, киім-кешек, бұйым да.
Нөлден нөлді қаншама алып көрсеңіз,
Нөлге нөлді қоссаңыз де ең семіз,
Кемімейді нөлге нөлді бөлсеңіз,
Көбеймейді нөл ешқашан, сенсеңіз.
Өзіңді өзің илантсаң да сенбе деп,
Қия шыңға шыққаныңда өрмелеп,
Сол ақиқат бұзылады кей кезде
Нөл секілді дүнияда дөңгелек.
Неге керек бекер керіс, ерегес,
Нөл дегенің шын мәнінде түк емес.
Бір сан қойсаң, бірақ, оның алдына
Болуы анық нағыз қырғын төбелес.
Жақсылыққа апармайды құр егес,
Нөлді кейде жетелейді бір елес.
Ондықтар бар, жүздіктер бар, мыңдық бар,
Яғни, негізгі сан нөл емес.
Нөлсіз, бірақ, олардың еш құны жоқ,
Нөлсіз тіпті аяқ басар түрі жоқ.
Түгі жоққа, ығы жоққа телмірткен
Бұл не ғажап, бұл не деген құдірет?!
Нөл дегенің, мүмкін, кепкен шөл болар,
Нөл дегенің мүмкін, шалқар көл болар,
Бастаушысы, басқарушы болса егер,
Сонда барып жер қайысқан қол болар.
Ұмыт қалмас нөлдің орны жырдағы,
Нөлдің мұңы – елдің қамы, жер қамы.
Бір қолдағы он саусақта жоқ нөлді
Мүлде жоқ деп ойламасаң болғаны.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері