Әжемнің әңгімесі
Бұл бетте «Әжемнің әңгімесі» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Бала күнім, балғын күнім ол менің,
Жазық дала көзімді ашып көргенім.
Тамағым тоқ, уайымнан кендемін,
Үлкендердің сөзін тыңдау – ермегім.
«Не көрмеді жаралғалы жер, тегі,
Бұл күндері секілді ғой ертегі,
Қарақтарым, жасамаңдар нанға обал», –
Деп әжеміз әңгімесін шертеді.
Соғыс жылы.
Елден тәуір күй кеткен,
Арылмай-ақ қойдық ауыр бейнеттен.
Шіркін, жалған!
Өмір өзі, әйтеуір,
Күлуге де, жылауға да үйреткен.
Ел қорғауға аттанған соң жар асыл,
Жоқтың қасы шаруа қарар жанашыр.
Елде қалды қатын-қалаш, кемпір-шал,
Ішкен асы – қатығы жоқ қара су.
Сонда да олар қиындықты жеңетін,
Жеңістің бір боларына сенетін.
Үш бұрышты хаттар ғана ай сайын
Майдан жақтан хабар алып келетін.
Өтті жылдар жұртты жұттай жұтатқан,
Келер күндер үміт отын тұтатқан.
Оның бәрін көріп жүрсің кинодан,
Оқиғасын оқып жүрсің кітаптан.
Көктем шыға тірлік ептеп жеңілдеп,
Қызыл сиыр келе жатты желіндеп.
Біз атқардық ер-азамат жұмысын,
Ел атайтын бригадир келін деп.
Тағдыр қалай илесе де көнетін
Көн терідей өмір қайыс тілетін.
Сол көктемде тұқым жинап ауылдан,
Жылдағыдай болдық бидай себетін.
Шөлмек, шіркін бір-ақ күнде сынатын,
Азап бір күн тас төбеден ұратын.
Үй бас сайын бір уыстап жинаған,
Тұқым қоры біздің үйде тұратын.
Сақтай алмай қалдым елдің несібін,
Сонда да елім етті маған кешірім.
Егін салам деп жұргенде қойманың
Ұры бұзып кетті бір күн есігін.
Сорлы жүрек жадап-жүдеп, дір еткен,
Қасіретті қайғылы елге кім еккен ?!
Екі-үш қапты әзер жиған тірнектеп,
Дым қалдырмай ап кетіпті кілеттен.
Көргеннен соң тағдыр басқа салғанын,
Бір-ақ түнде быт-шыт болды арманым.
Көкке жайып сол кез екі қолымды,
Қарғыс атқыр онбағанды қарғадым.
«Садаға кет, – дедім, – ұлы даладан,
Өлсең де, су шықсын дедім моладан»,
Кейін білдім.
Зая кетпей қарғысым,
Ел ішіне сия алмапты сол адам.
Көз алдымда осы оқиға кешегі,
Тікен болып тіпті жатқан төсегі,
Адал нанның қарғысы атқан сол бір жан,
Көрде жатып өкіріпті деседі.
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі