Бұрынғы бастық және қарт ана
Бұл бетте «Бұрынғы бастық және қарт ана» атты Ақылбек Шаяхмет жазған ана туралы өлең берілген.
«Бастығымыз жасады, – деп, – асылық»,
Ниеттестер арыз жазды қосылып.
Дұрыс болды, дұрыс болды барлығы,
Жаманатты керегі не жасырып?!
«Ақиқатты айттыңдар!» – деп кектеніп,
Кетті «мықты» шөңге теріп, шөп теріп.
Көп пысыққа сүйеу болған ол кеше,
Енді солар отыр мұны жек көріп.
Талайының қызметін өсірген,
Жайлы орынға, жылы жерге көшірген.
Кейбірінің жүрген ізін өшіріп,
Кейбірінің қиянатын кешірген.
Кеше ғана қонақ қылып, қалбақтап,
Жүрген жандар онсыз енді жан бақпақ,
Жан-жағынан жағымпаздар анталап,
Тұрған орны боп кетіпті сор-батпақ.
Әріптестер бірге татқан «былықтан»,
Есімін де енді мүлдем ұмытқан.
Кеше ғана мүләйімсіп жүргендер,
Сәлем бермей, барады өтіп күліп паң.
Түскен жігіт көп отырған «тағынан»,
Енді сені мұқатқанмен не қылам?
Қорқамын тек мансапқұмар көп тобыр,
Сол ұяда сала ма деп тағы лаң.
Арыз жазып, «адалдығын» дәлелдеп,
Елеусіздер қайтіп бүгін еленбек?
«Ел үшін!» деп ұран салып жүргенде,
Осы күнді ойлап па едің көрем деп.
Елің бәрін жасағанмен сен үшін,
Арсыздықпен жасапсың сен келісім.
Сендейлердің ұрығынан, о, тоба,
Арамшөптер кеткен қаптап ел ішін.
Есіңде ме?
Сен басқарған ортада
Пана таппай жылап жүрді қарт ана.
Әлі тұрып келе жатыр тар үйде,
Немересі отырса да партаға.
Бабын тапсаң қасиетті ананың,
ЬІсырылып кетпес пе еді нала-мұң.
Саған таққан бір айып та осы еді,
Тызылдаған шоқ басқандай табаның.
Ұғар болсаң осы жайдың байыбын,
Әр адамның ниетіне сай ұғым.
Қиянатқа қарсы шығар жан бар деп,
Әлі күнге күтеді ана қайырым.
Түскен бастық болған көптің мазағы,
Таусылмайды бұл өмірдің базары.
Күлді бірі: «қарашы, – деп, – сықпытын»,
Деді бірі: «бұл көргені аз әлі!»
Аз болғандай көріп жүрген азабы,
Ана қамын айтпады ешкім, ғажабы,
Менің келіп тамағыма тығылды,
Солар жүріп кеткен жолдың тозаңы…
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі