Мұнара-сәукеле

Бұл бетте «Мұнара-сәукеле» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Челябинск облысының Варна ауданында сағым жортқан сар далада Ақсақ Темір жорыққа шығып келе жатқанда қаза тапқан қызына орнатқан ескерткіш белгі бар. Аңыздың айтуына қарағанда, жас ару жолбарыстың тырнағына ілінген. осыдан кейін Темір қызына кешен салғызып, «енді жолым оңғарылмайды екен», – деп әскерін кері қайтарады.

Даламыздың құба белі бұл ара,
Ғасырлардың куәгері бұл ара.
Жауынгердің дулығасы тәрізді
«Мен мұндалап» көзге түсер мұнара.
Қайран, бабам, ақылға бай, ойға бай:
«Биікке тез түсер, – дейтін, – найзағай».
Беу, мұнара!
Қалың әскер сұсындай
Зеңгір көкке шаншылыпты найзадай.
Ақсақ Темір жеміс бағын жандырған,
Еңіретіп, елдің жасын көл қылған.
Жорық жасап бара жатып, бұл жерге
Бірнеше күн қалың қолын қондырған.
Аңызбенен жеткен бізге болған іс,
Бола алмапты ол қызына қорғаныш.
Дүниені тітіркенткен Темірден
Қаймықпапты жалғыз жортқан жолбарыс.
Кездейсоққа ұшыраған кесірден
Әке үміті аяқ асты кесілген.
Жол үстінде қызына арнап кешенді
Салдырыпты әмір дала төсінен.
Кең далада өмір жолы тар қандай?
Біреу бай да, біреу кедей сормаңдай.
Күн қыздырған кірпіштер де қып-қызыл,
Қатал әмір қанға малып алғандай.
Қиылған соң балғын қыздың өмірі,
Қанға құмар болғанымен көңілі,
Бар әлемді салсам деген табанға
Әміршінің шайқалыпты сенімі.
Уақыттың айналды да ұршығы,
Артта қалды найзалардың қырсығы.
Жас арманы көктей солған талайдың
Жүрегінің естілгендей дүрсілі.
Осы арада ойға кетіп не түрлі,
Бәлкім, олар соғыспауға бекінді.
Кірпіштердің арасынан жас ару
Көзін қадап қарап тұрған секілді.
Дулығаға қалай ғана теңермін,
Түзетуін енгізбей ме келер күн?!
Кім біледі?
Қыршын кеткен жас сұлу
Көз алдында тұрған шығар шебердің.
Даламыздың құба белі бұл ара,
Ғасырлардың куәгері бұл ара.
Келіншектің сәукелесі секілді
Кең далада асқақтайды
М
ҰН
АРА


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері