Қайғы және Қостанай
Бұл бетте «Қайғы және Қостанай» атты Ақылбек Шаяхмет жазған мұң туралы өлең берілген.
Қостанай облысының Наурызым ауданында Қайғы деп аталатын қоңыс бар. Елдің айтуына қарағанда, Асан-қайғының көп жыл мекен еткен жері осы. Қостанай қаласының атауы Асан-атаның бәйбішесі Тана-әженің құрметіне қойылған Тана және Танай есімді егіз қыздың есімімен аталған.
Бұл жердің ежелгі аты Қайғы деген
Өзінің түп негізін әйгілеген.
Қайғыда қасірет жоқ,
Қуаныш көп.
Өскен ел өркендерін жайды дер ем.
Бұл Қайғы өткен күннің шежіресі,
Көп сырға, араласаң, кезігесің.
Бел шешіп, шалғынына аунап жатып,
Қадірлеп, басыңды иер жерің осы.
Әрине, жоқтан бар зат жасалмайды,
Өзендер су жоқ жерден бас алмайды.
Жүйткітіп желдей жүйрік желмаямен
Жүріпті саяхаттап Асан-қайғы.
Қызбел мен Жыландының арасында
Дейтін жер Абат басы бар осында.
Асанның сүйікті ұлы Абат батыр
Қазақтың жерленген бе даласында?
Қазаға аңғал батыр ұшырайды,
Аңыз қып ел айтады осы жайды,
Ағыпты тау басынан Үлкен Қайғы,
Сәл төмен және ағыпты Кіші Қайғы.
Міні жоқ бұл мекеннің өз басында,
Тұр, бірақ, қайғы деген сөз басылмай.
Мына көл «Асан, Абат, қайдасың?» – деп,
Жоқтаған қалың елдің көз жасындай.
Көзіндей кешегі өткен Тана-әженің
Сабырмен ағып жатқан жоқ өзенім.
Тек қана Қайғы деген көл қалыпты,
Ал оған қажеті жоқ дәреженің.
Кеткен соң өзен орнын мың із көміп,
Сөз теріп, ел аузынан сыр іздедік.
Қайғыда көптен бері жөнелтеді
Адамды су сұраған қымыз беріп.
Сәл тоқта!
Қайда тартып барады өлең?
Мен оның түйініне жаңа келем.
Ұл да көп содан бері Асан деген,
Қыз да көп кең даламда Тана деген.
Бұлдырап көз алдымнан бала кезім,
Елжіреп ет-жүрегім барам өзім.
Шұрқырап құлын-тайдай бірге ойнаған
Білмеймін, қайда жүрсің, Тана-көзі?
Қалмайтын құрақ ұшқан досқа жаны,
Бағатын қонағының қас-қабағын.
Арудын сыңғыр қаққан сырғасындай,
Ел естен шығармайды қос Тананы.
Құшағы содан бері досқа дайын,
Жемейтін ел аманда босқа уайым.
Тіп-тік боп қарағайдай тұр асқақтап
Тобылдың жағасында Қостанайым.
- Азамат Төре
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі