Менің бабам
Бұл бетте «Менің бабам» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Жылқыны осыдан 5500 жылдай бұрын қазіргі қазақ елі аумағында өмір сүрген адамдар қолға үйреткен. Солдат деген сөз әуелі салт атты деген ұғымды білдірген.
Британияның Эксетер университетінің археологы Алан Оутрам бастаған ғалымдардың тапқан қазба жұмыстары жылқылардың бірінші қолға үйретілуін ежелгі Ботай мәдениетіндегі қазақтар бастағанын көрсетіп отыр.
Бұл жаңалық жылқылардың азық үшін үй шаруашылығына ғана пайдаланылғаны емес, оларды сондай-ақ мініп, сүтін алғаны туралы болып отыр. Британиялық топ тапқан жаңалықтары туралы хабарды Science журналына жариялады. Алыс елдерге әуелі салт атпен, кейін арба-атпен барған бабаларымыз бір атаның баласындай болғаны ақиқат.
Менің бабам мініп алып арба, атқа,
Тұңғыш рет жолды салған Арбатқа.
Қолбасы мен жүзбасыдан үлгі алған
Генералдар бұйрық берген солдатқа.
Әр қоңысқа салып алып жаңа ауыл,
Кремльге қойып қойған қарауыл.
Орыстар да Волкодав деп атаған
Көргеннен соң Бөрібасар танауын.
Неке қиған болайықшы бір-ақ деп,
Кейін оны атап кеткен брак деп.
Бір атаның балалары емес пе,
Бірін бірі шақырғаны брат деп.
Ер ұлдарын аттандырып Ұрымға,
Пәк қыздарын ұзатқанда Қырымға,
«Бұл да біздің көрген тау!» – деп мастанған
Балқан таудың тұрған кезде шыңыңда.
Болғаннан соң бауыр бүтін, бас аман,
Оқ атпаған ешкімге де тасадан.
Колбасаға атау болған кейіннен
Қол басындай шұжықтарын жасаған.
Дөңнен асып, ат суарса Дунайдан,
Тоқымдарын сілкіп алып, тыңайған.
Ұлытауда ұлар етін жеген ер
Жарылқауды күткен жалғыз Құдайдан.
Мойнын үзіп жауды көрсе тас алған,
Түре қуып дұшпан қолын жасанған,
Менің бабам ер қанаты – тұлпармен
Ұлы Қытай қорғанынан аса алған.
Не көрсе де төтеп беріп қысымға,
Ат тұяғы жеткен шақта Мысырға,
Киіз үйін жасауымен қондырған
Кетігі бар Пирамида ұшында.
Мерейі өсіп, түспей тұрып тұғырдан,
Малын сойып, қуырдағын қуырған,
Ел шетіне әкіреңдеп жау келсе,
Қылыштарын қынабынан суырған.
Жауынгерлер жауға қылыш сермеген
Егін егіп, құдық қазып, терлеген.
Қымыз ішіп, дуылдасқан кезде де
Дастарханды баса-көктеп көрмеген.
Ырзық келіп, құт дарыған жеріме,
Аққу қонса айдын шалқар көліме.
Қалай ғана шаттанбаймын мен бүгін,
Қалай ғана мақтанбаймын тегіме?!
- Азамат Төре
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі