Сырғытпа (коньки)

Бұл бетте «Сырғытпа (коньки)» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Британ мұражайында бұдан 2000 жыл бұрын жасалған коньки сақтаулы тұр. 1948 жылы Қостанай қаласының маңайында біздің дәуірімізге дейінгі қола ғасырда жасалған алты жұп коньки табылған. Олар жылқы сүйегінен жасалған екен.

Асқанда талай кезеңнен,
Жасырам оны несіне?!
Сырғанақ көрсем өзеннен,
Сырғытпа түсер есіме.
Сырғанап жүрген балалар
Көлдегі қаздай қалқиды.
Ертеде біздің бабалар
Сырғытпа деген конькиді.
Адамдар осы құрылықта
Жер қазып жүріп күрекпен,
Алыпты тауып сырғытпа,
Жасалған мықты сүйектен.
Танытып шебер білігін,
Қалыпқа өлшеп кіргізген.
Жылқының қашап жілігін,
Қайыстан таспа тілгізген.
Сырғытпа бізді жел күні
Шығарған талай белеске.
Орыстың сөзі белгілі,
Конь деген – жылқы емес пе?
Бір бірін өрге сүйреген,
Қылмаған қажет шегені,
Қазақтың сөзі – ки деген,
Аяққа байла дегені.
Дәуірлер өткен сан қилы,
Есіне сақтар көптен ел.
Тапқан ғой ойлап конькиді
Шана мен шаңғы тепкен ел.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері