Қара бояу

Бұл бетте «Қара бояу» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Көмір тасып көп бала
Болып шықты қап-қара.
Кеншілердей кәдімгі
Түсіп шыққан шахтаға.
Мен де өзімді таныттым,
Соларға ұқсап қалыппын.
Ылғи қара бояуды
Баттастырып жағыппын.
Табиғаттан үйрендім
Неше түрлі бояумен
Көргенімді салам мен.
Көкпеңбек қып су бетін,
Салдым көлдің суретін.
Қызыл және сап-сары
Гүл өсетін бақшаны,
Алуан түсін алқаптың
Ақ қағазға орнаттым.
Күннің көзі дөңгелек
Шықты көкке өрмелеп.
Ақ мақтадай ұлпа бұлт
Бетін кенет кір шалып,
Күйе жұғып ақша бұлт,
Кетті көктен жас тамып.
Салмақ болып жауынды,
Тауыстым бар сабырды.
Оны қалай саламын?
Ағып кетті бояуым.
Кенет аспан ашылды,
Қара бұлтты қашырды.
Нұрға бөлеп көгімді,
Кемпірқосақ керілді.
Ғажап сурет, не керек?!
Болды нағыз керемет.
Бояулардан сан түрлі
Жаңбыр иісі аңқыды.
Бетін шайып жапырақ,
Жайнап кетті атырап.
Жайып салып барымды,
Ғажайып бір күйге ендім.
Жақсы сурет салуды
Табиғаттан үйрендім.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері