Тыйымдар

Бұл бетте «Тыйымдар» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Тыйымдар көп шектеген,
Жұлма шөпті көктеген.
Не ексең, соны орасың,
Баспа киім жағасын.
Досты көрсең, аянба,
Бүйіріңді таянба.
Қорлық көрген секілді,
Жаппа босқа бетіңді.
Көп көзінше жөтелме,
Аяғыңды көтерме.
Кісіні көп мақтама,
Дастарханнан аттама.
Қалмау үшін күлкіге,
Қолды жусаң, сілкіме.
Ант-су ішпе, қарғанба,
Өтірікке алданба.
Кеш батқанда жүгірме,
Лас жерде кідірме.
Айға қолды шошайтпа,
Қысыр сөзді бос айтпа.
Тұзды баспа аяқпен,
Итті қума таяқпен.
Күлге төкпе асыңды,
Отқа өртеме шашыңды.
Бас киіммен ойнама,
Және ешкімге сыйлама,
Белбеу ілме мойныңа,
Тасты тықпа қойныңа.
Көп күлуге болмайды,
Жиі қақпа таңдайды.
Жақсылықтың өткелі –
Тыйым – тәлім мектебі.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері