Бірден онға дейін

Бұл бетте «Бірден онға дейін» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бір әріптен басталады бар әріп,
Сол әріптен сөйлем құрап шығалық.
Бір:
Бір дегенім
Б – білім,
І – ілім,
Р – рақым,
Осы болсын сенің мақсат-мұратың.
Екі:
Екі дегенім
Е – елдік,
К – кеңдік,
І – ізет де,
Арлы болсаң, солар тұрар күзетке.
Үш:
Үш дегенім
Ү – үйің-күйің,
Ш – шаңырақ,
Ол болмаса қалар көңіл қаңырап.
Төрт:
Төрт дегенім
Т – талап,
Ө – өнер,
Р – рақат,
Т – таза жүрсең,
Жолай алмас бір апат.
Бес:
Бес дегенім
Б – берік,
Е – ерік,
С – сағыныш,
Осы үшеуі түгел болса, толы күш.
Алты:
Алты дегенім
А – арман,
Л – лайық,
Т – тыныштық,
Ы – ынтымақпен
жиналады ырыс-құт.
Жеті:
Жеті дегенім
Ж – жігер,
Е – ерлік,
Т – тәуекел
І – ілтипатпен
басталған жол кең екен.
Сегіз:
Сегіз дегенім
С – сөз,
Е – еркіндік
Г – гүл өскен,
І – ірі болғын,
З – заңғар көкпен тірескен.
Тоғыз:
Тоғыз дегенім
Т – теңдік,
О – оқу,
Ғ – ғылым де,
Ы – ырыздық болса,
З – заманында бүлінбе.
Он:
Он дегенім
О – Отан,
Н – намыс емес пе?!
Шығарады сені осылар белеске.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері