Тақпақ айтып берейік

Бұл бетте «Тақпақ айтып берейік» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Тағы бері келейік,
Кім білімді, көрейік.
Бір әріптен басталған
Тақпақ айтып берейік.
* * *
Ата
Абыройлы атамыз
Аңғарымпаз, айбарлы,
Ауылдасқа аты аңыз
Ақсақалға айналды.
* * *
Ана
Ардақтаймын анамды,
Арманы асыл апамды.
Асырады адамды,
Ардақты ана атанды.
* * *
Әже
Әжем әрлі, әдемі,
Әуелейді әуені.
Әлдилейді әндетіп
Әминаны әуелі.
* * *
Әке
Әсемпазды әдейі
Әжуалап, әзілдеп.
Әбзелдерін әкеміз
Әкеледі әзірлеп.
* * *
Бабамыз
Батыр болса бабамыз,
Біздер батыл боламыз.
Бағдарлаймыз бағытты,
Болашаққа барамыз!
* * *
Гүлденген
Гүлкестесі Гүлсімнің
Гүлдеп гөзел гүлдермен,
Гүлдестесі Гүлнардың
Гүлзардайын гүлденген.
* * *
Ғалым
Ғұлама ғой ғаламда,
Ғашық ғалым ғылымға.
Ғибадаты ғибрат
Ғанибетті ғұмырда.
* * *
Данқты
Дүбірлетпей данқты,
Дараланса данамыз.
Дархандығын дарытты
Дарабозға даламыз.
* * *
Заман
Зеріктірсе зергерді
Зейінсіздің залалы.
Зорықтырар зеректі
Заңғарлардың заманы.
* * *
Көктем
Кеңіп көңіл көптен көп,
Көкте, көлде көкпеңбек.
Көгімізде күн күліп,
Күлімдедік көктем кеп.
* * *
Жаз
Жауса жылы жаңбыры,
Жаздың жүзі жайдары.
Жап-жасыл жер жаңғырды,
Жапырақтар жайнады.
* * *
Күз
Күн күркірі келгесін,
Көрінбейді көбелек.
Көкөнісі көл-көсір,
Күздің күні керемет.
* * *
Қыс
Қаңтар қалар қаймығып,
Қатал қыстың қаһары.
Қарап қалсаң қайырылып,
Қабаққа қар қатады.
* * *
Еленбесе
Еленбесе елінде
Есіл ердің еңбегі.
Еріншектер елеусіз
Еріккеннің ермегі.
* * *
Лепірме
Лыпылдама, лаңдатпа,
Лақылдама, лепірме.
Лүпілдеме лезде,
Лашындай лекілде.
* * *
Мата
Мақтансынып, міңгірлеп,
Мақтасы мол матаны
Мойынына мінгізіп,
Матастырып матады.
* * *
Наразы
Нықтағанда нығырлап
Нашарларды назары,
Немқұрайды нарыққа
Намыстылар наразы.
* * *
Тамаша
Талаптанып төменнен,
Тұрса таңмен таласа,
Тамыр тартса тереңнен,
Тарлан талант тамаша.
* * *
Обал
Оңтайланса оқтаудай,
Ойыншылар озады.
Омақасса оқпанға,
Олақтарға обалы.
* * *
Өткел
Өрімталдың өскені,
Өніп-өскен өркені,
Өрге өгіздің өткені —
Өмірдің өз өткелі.
* * *
Пысық
Пісіргенде палауды
Пыш-пыштайды пысылдап.
Пысқырмайды пысығың,
Пікірлері пышырап.
* * *
Иман
Инабатты, ибалы,
Именбейді иманды.
Иманшартты игеріп,
Игілікке иланды.
* * *
Рамазан
Рахман, рақымды,
Риясыз рұқсат.
Ренжуің ретсіз,
Рамазан – рақат.
* * *
Сауыншылар
Салқын самал соғады,
Сарғалдақтар солады.
Сауыншылар сабырлы
Сиыр сүтін сауады.
* * *
Ұстаз
Ұлт ұясы, ұйтқысы,
Ұлағатты, ұстамды,
Ұшқарыны ұнатпай,
Ұғымталды ұстады.
* * *
Үйірсек
Үдірейген үйірсек
Үлкейтіп үй үйгізді.
Үдетуді үйренді,
Үрейленіп үлгірді.
* * *
Хабар
Хан, хакімдер хабарлап
Халыққа хат-хабарды,
Хабарлаған хадистер
Халалыңды, харамды.
* * *
Шідер
Шамырқанып, шамданып,
Шиеленіскен шідерді
Шырмауынан шығарып,
Шанасында шіренді.
* * *
Ырыс
Ыңғайласаң ыңғайға,
Ылайлама ыдысты.
Ырғалмайды ылдида
Ынтымақты, ырысты.
* * *
Ілім
Іркіттейін ірімес
Ізденетін ілімі,
Ілтипатты інідей
Ізгілердің ізі ірі.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері