Ұқсас сөздер, түрлі ұғымдар бала мен дананың сөз қағысуы

Бұл бетте «Ұқсас сөздер, түрлі ұғымдар бала мен дананың сөз қағысуы» атты Ақылбек Шаяхмет жазған бала туралы өлең берілген.

Бала:
Көп ойнадым далада,
Қарным ашып кетті.
Дана:
Қарны ашқан балаға
Жаным ашып кетті.
Бала:
Болса да жұрт наразы,
Аузымды ашып тұрдым мен.
Дана:
Болған кезде ораза,
Ауыз ашып жүрмін мен.
Бала:
Абайсызда сүрініп,
Күрегім ұшып кетті.
Дана:
Қалды ма деп жығылып,
Жүрегім ұшып кетті.
Бала:
Көптен тұрған байлауда
Бұзау кепті жайылып.
Дана:
Осы бір сөз жайлауда
Кетті жұртқа жайылып.
Бала:
Мен өрістен ілезде
Келдім жылқы қайырып,
Дана:
Мен де қойдым сол кезде
Бір-екі әнді қайырып.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері