Одаққа «ода»

Бұл бетте «Одаққа «ода»» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

«О, Азия, ұлысың,
Ұлылығыңды қайтейін,
Еуропаның құлысың!»
Бүркіт Ысқақов.

Қазақтыққа келе алмай,
Таза орыс та бола алмай,
Жапанда тұр жалғыз үй,
Теңіздегі аралдай.
Үй иесі міңгірлеп,
Балалар жүр шүлдірлеп.
Тойып алған қонақтар
Сыртқа шықты бір-бірлеп.
Бір кез бәрі қосылып
Үй иесі, қонақ та,
Дауыстарын асырып
Мақтау айтты Одаққа.
Кеше Жамбыл ақын да
Осы Одақты жырлаған
Жатып бүгін ақырда
Мастар үнін тыңдаған.
Қатарынан қалмаған,
Таңдайлары тақылдар,
Одаққа ода арнаған,
Аз болған жоқ ақындар.
Сол бақыттың ордасы
Талқан болды әп-сәтте.
Көрінгенде жол басы,
Ал, ендігі мақсат не?!
Қуып бай мен молданы,
Жаназа да оқылмай,
Алғандарға мазаны,
Ел не дейді, апырмай?!
Тұнжыраған қабағы
Орақ-Балға одағы,
Демеу бола алды ма
Жауынгерге жаралы?!
Қазағымның шабытты
Бастан бағы шын ауды.
Мойынға әкеп қамытты,
Тілге салды бұғауды.
Солқылдата соғылған
Сол Одақтың балғасы,
Аз ұлттарға салынған
Болды қарғыс таңбасы.
Қанатымды қайырды
Сол Одақтың орағы.
Қиды талай мойынды,
Қазынамды тонады.
Істеп жүрген жұмысын,
Құдайсыздар кешегі,
Діні емес, күні үшін
Молда бопты деседі.
Арасында шоғырдың
Ақындарым бейшара,
Бүгін «жаздым, жаңылдым» —
Дей алмаса, не шара?!
Жамандарға жалпақтап,
Жағымпазға төсек боп,
Қалт-құлт етіп жан бақпақ
Айта алғандар өсек көп.
Шайтандар да, Мыстан да
Бізге өздерін танытты.
Ауызынан құсқанда
Тілі түсіп қалыпты.
Жанымдағы серігім
Жігіт еді «даңқты».
Шешкен кезде бөрігін,
Басы кетіп қалыпты.
Бастары жоқ бастықтар
Елге бермей түйір дән,
Қастықтан не аштықтан
Қазақ қойдай қырылған.
Қайтіп байыз табамыз,
Шер жүректе қоздаған.
Қайыр тілеп бабамыз,
Сонда да қол созбаған.
Сондай ұлы халықтың
Сүмірейген кезінде,
Сорың қайнап, анық бұл
Сарқылады төзім де.
Шалдықсақ та шымырмыз,
Шынында да ұлы елміз.
Азияға тұғырмыз,
Еуропаға тіреуміз.
Байтал түгіл бас қайғы,
Жасырмайық шындықты.
Қалай сылып тастаймыз
Қанға сіңген құлдықты?!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері