Түрлі түсті

Бұл бетте «Түрлі түсті» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

С.Сейфулиннің коммунистік сәлеммен Сталинге жазған хатына қарағанда, пойызбен Орынборға қайтып келе жатқанда алашордашы Елдес Омаров Сәкенге: «Бұрын Алашорда едік, енді Қызылорда болдық. Қазақ үшін қызыл, жасыл, ақ түстің айырмасы жоқ. Ең бастысы Орданың бауыры бүтін болғаны» – деген екен. Бұл Алаш ардақтыларының ең соңғы ұлттық қуаныштарының бірі еді.
«Абай-ақпарат» порталынан

Осы күнге болған ғажап
Аман жеткен сүйретпемен,
Әйелге ұқсас біздің қазақ,
Түрлі-түрлі көйлек киген.
Көшсек сөздің төтесіне,
Ақ пен қызыл шайқасқанда,
Бала қас боп әкесіне,
Шығарғанбыз айды аспанға.
Жат жұрттықтар баса-көктеп,
Қара киген, сары киген,
Болса-дағы қанша мектеп,
Қазақ қана жаны күйген.
Ақмешітті қызыл қылып,
Еркін елде көк ту ұстап,
Бір жығылып, бір сүрініп,
Жүрміз жаңа жолды нұсқап.
Өмір бойы иман жиған,
Арпалысып арыстандай,
Қазақ үшін жанын қиған
Сол ерлерде намыс қандай?
Қазақ жері – сын алаңы,
Болғанымен бауыры бүтін,
Толып жатыр, бірақ, әлі,
Сырты тұтас, іші түтін.
Жалған күліп, жалған сөйлеп,
Тұрғанға да дайын құшақ.
Киілсе де қанша көйлек,
Болса болды бойыңа шақ.
Абайсызда отқа түсіп,
Хайуандардай босқа күйген,
Бір күн күшік, бір күн мысық,
Актерміз бе маска киген?!
Толған тудың көшедегі
Бірі қызыл, біреуі көк.
Кеуіп кеткен неше көлі,
Ел-жұртымның тілегі көп.
Күтеді алдан бағым қанша,
Қырау қонса, көңіл алаң.
Сол тілектер орындалса,
Жұртым тыныш, елім аман.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері