Алаш туы

Бұл бетте «Алаш туы» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Болған кезде қажет тым,
Ел сөзін кім айта алды?
Жиынында Советтің
Алаш туы жайқалды.
Құран сөзі жазылған
Жасыл туы Алаштың,
Өтіп ордан қазылған,
Болашаққа жол аштың!
Санасына жетсе де,
Сол Алашқа қарсылар,
Тұтас ғасыр өтсе де,
Арамызда бар шығар.
Өзінікін жат көріп,
Бауырға сап өгейді,
Жарамсаққа жақ болып,
Өзеуреген көбейді.
Уысында кезбенің,
Елін, жерін сатқан бар.
Өңеш керіп өзгенің
Қас-қабағын баққан бар.
Айтылса да сын бөтен,
Болған елге сүйкімі,
Мұражайда тұр ма екен
Сол шұғаның қиқымы?!
«Алаш туы астында
Күн сөнгенше сөнбейміз!
Енді Алашты ешкімнің
Қорлығына бермейміз!» –
Деп шырқады ағалар,
Өткен күннің бәрі аңыз.
Асылдарды бағалар
Жоқ па біздің санамыз?
Орындалса түбінде
Бабалардың арманы,
Сол мақсатты бүгінде
Жаңа буын жалғады.
Асулардан әрі астым,
Жау қаймықты мысымнан.
Қазақ – тілі Алаштың,
Ал хақ діні – Ислам.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері