Қожанасырмен кездесу
Бұл бетте «Қожанасырмен кездесу» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
осы заманғы ертегі
Қарсы алам деп жүргенде
Келе жатқан ғасырды,
Ойда жоқта көшеде
Көрдім Қожанасырды.
Сәлем берсем иіліп,
Амандасты Қожекең,
Қалтада жоқ тиыны,
Қойны толған сөз екен.
Аяз шалың секілді
Жасамай-ақ кәдесін,
Түсінгендей ниетімді,
Үйіп-төкті уәдесін.
Сары алтынды айырбастап
Жылтыраған көмірге,
Қазақ тілін үйретіп
Шығам деді негрге.
Жұрт не десе о десін,
Таусылмайды өсегі,
Мың тұлпармен жарысып,
Жүлде алыпты есегі.
Қысқа күнде, асылдың,
Қызса керек базары,
Тоғысында ғасырдың
Балалапты қазаны.
Балық етін азық қып,
Құстың жүнін мамық қып,
Қымызға да қарық қып,
Жүрсе керек, жарықтық!
Еткен еңбек еш болып,
Мырқымбайы қасында,
Дәм татыпты түстеніп,
Біреулердің асында.
Жайлы адамға, әрине,
Құрмет деген жетеді,
Май болыпты бір үйде
Шапанының етегі.
Бір қызбенен көзімше
Қойды деп шал би билеп,
Кемпірі де өзінше
Сөйлеп жатыр сүйреңдеп.
Бала дейтін бала емес,
Шал дейтіндей шал емес.
Жарандарға меніңше,
Кінә таққан жөн емес.
Өйтіп-бүйтіп қойды деп,
Оның несін сөз етем?!
Жаңа ғасыр болды деп,
Өзгермей ме Қожекең.
Күйеулерге жүз жылдық,
Құдаларға мың жылдық
Ғұмыр тілеп жүргенде
Өкпелесек, қынжылдық.
Жаманнан да қуарған
Асыл туды, Қожеке!
Айды аспанға шығарған
Ғасыр туды, Қожеке!
Ұры түссе үйіңе,
Қалмасын деп ұялып,
Шама-шарқым келгенше
Келіп едім сый алып.
Бұрын оны кім білген,
Ашуы да тез екен.
«Қалжыңынды қой! – деді, –
Қабақ шытып Қожекең.
Құдіретті жасаған
Қиса маған отыз жыл,
Отыз жылда барлығын
Өзгертем деп отырмын.
Тірі болсаң, сол кезде
Қарсы алдыма қайта кел,
Оған дейін ал енді,
Не десең де, айта бер».
Дұрыс, дұрыс, Қожеке!
Басты мен де шайқап ем.
Осы сөзді тек қана
Ұмытпасын байтақ ел.
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі