Таулары күңіренді Арараттың
Бұл бетте «Таулары күңіренді Арараттың» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Неліктен Севан көлі лайланды,
Көзімді ашып-жұмғанша кім ойланды?!
Қайысып қабырғасы қара жердің,
Дүния қас қағымда шыр айналды.
Хабары жан шошырлық жаманаттың,
Апыр-ай, бұл не деген ғаламат күн?!
Жер-бесік қанша жанға табыт болып,
Таулары күңіренді Арараттың.
Дәл мұндай болып па еді бұрын қайғы?
Жаралы жер өкпесі сырылдайды,
Еске алсам қаза болған құрбандарды,
Еріксіз төбе құйқам шымырлайды.
Қалың ел көтергенмен жарым жүгін,
Жаралы Айастанның жаны бүгін,
Айырылса талай ана боздағынан,
Жоғалтты талай жігіт қалыңдығын.
Кім кепіл елдің жапа шекпесіне,
Бір күндей бұл өмірдің өтпесіне?!
Созғанда ыстық қолын бауырларым,
Туыстың ұмыт болды өкпесі де.
Қалайда бермеу үшін жанды өлімге,
Қанша жан кезекте тұр қан беруге.
Алатау, Памир, Балтық, Қырым, Кавказ
Шақырып жатыр досты емделуге.
Қол ұшын береді жұрт әр адамға,
Әйтпесе, оны адам деп санаған ба?!
Жылуын жүректердің тиеп алып,
Ағылды ұшақ біткен Ереванға.
Бөлісіп қайғы жүгін көтергелі,
Кеп жатыр ниеттестер шет елдегі.
Осындай достық көңіл мол болса егер,
Тірлігің мұңсыз болып өтер ме еді?!
Абовян «Жарасындай» қансыраған,
Жанардан ащы жасым тамшылаған.
Құрдасы қиылса егер қыршынынан,
Қалайша жайбарақат қалсын адам?!
Жұбату айтпаса да маған ешкім,
Күйікке күйінбейтін жан емеспін.
Өртенді қасіреттен көкірегім,
Жырындай Аветик пен Ованестің.
Көрдім мен поштадан да мүгедекті,
Өзіне ол жан тыныштық тілемепті.
Азғантай салмақ болып қаражатын,
Сүйеніп балдағына түрегепті.
Әкелген біреу қаржы, біреу затын,
Достықтың көрдім бұдан шын сипатын.
Орыс пен қазақ, татар, башқұрт, неміс,
Көрсетіп жатыр түгел ілтипатын.
Басамын қалай ғана жан азасын?!
Жұтқандай таудың салқын, таза ауасын,
Қанымды ізгі сезім араласын,
Күйікті туысқандық тазаласын!
Тағдырдың қайталанбай бұл сынағы,
Тимесін жеткіншекке қырсығы әлі.
Жазылар бірте-бірте жер жарасы,
Ақиқат – өртеңге ертең гүл шығары.
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі