Кемпірлерді қорғау

Бұл бетте «Кемпірлерді қорғау» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жалмауыз кемпір, мыстан кемпір дегенді
Көп естідім.
Жаным содан түршікті…
Әзәзіл ме әкелетін қырсықты?!
Бесік жырын айтып жүрген балаға,
Кемпірлерді кемітуге бола ма
Көрпе көктеп, айналдырған ұршықты.
Кемпірлерді атаған соң жалмауыз
Біздің қазақ алты бақан, алаауыз.
Ұмыттың ба қонған болса саған құт,
Жүрген кезде жалаңаяқ, жалаңбұт,
Сол кемпірлер болмап па еді қорғаныш?!
Бұты талтақ, терең қалта, дорба ауыз
Еркектер де көп емес пе жалмауыз?!
Өртенген үй, жермен-жексен қалалар,
Жесір ана, жетім қалған балалар
Сол жалмауыз еркектерден қалған із.
Жалмауыздар жалап-жұқтап асымды,
Арып-ашқан елімді әбден басынды.
Ай дер ажа, қой дер қожа болмаған,
Аналарын тыңдамаған көр-надан
Аяқасты қылды нағыз асылды.
Ана тілі, ана сүті – кемпірден,
Ән мен жыры, үйдің құты – кемпірден,
Ұйтқысы мен сөздің уыты – кемпірден.
Сырты бүтін, іші түтін болса да,
Болса күтім ерек бітім – кемпірден.
Ұлтымыздың бар киесі – кемпірден,
Жас қыздардың тәрбиесі – кемпірден,
Ұстап тұрған бір тұтқаны мықтының,
Біреулердің пір тұтқаны тап бүгін,
Барлық әулие-әмбиесі – кемпірден.
Есіне алмай әже тіккен көрпені,
Кемпірлерді мыстан депті ертегі.
Бала тапқан, шалын баққан шалдықпай,
Әнін де айтқан дауыстары қарлықпай,
Сол кемпірлер – еліміздің ертеңі.
Сары тісті әже болған кемпірлер,
Кем емессің, күнің туар серпілер,
Қырық жамау көңілдерді құраған,
Жаратқаннан жарылқауды сұраған
Баталарың қандай жақсы ел тілер!
Аман-есен болыңдар!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері