Шыбын жан
Бұл бетте «Шыбын жан» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Қазақ неге шыбын жан деп айтады,
Өйткені, оның салмағы аз.
Шыбын жаның келген жаққа қайтады,
Бұл фәниде болма мәз.
Адам тәні – шыбын жанға бір тұрақ,
Кесек ет пен сүйек ол.
Шыбын жаның қалмауы үшін шырқырап,
Қол мен тілге ие бол!
* * *
Адамзатты сана мен қуат берген
Бұл фәниде Жаратқан сынап көрген.
Ер жеткенше еріксіз жылатады
Сәбиді де өмірге жылап келген.
Көп болса да бойында ұнар қылық,
Асқа, суға, басқаға құмар қылып,
Жүрген кезде адамның ең киелі
Қасиеті – тәуба мен шыдамдылық.
Жоғалтқандар сабыр мен қанағатын
Шығарады елге де жаман атын.
Жарық күннің көзін де көлегейлеп,
Әкеледі сарғайған санаға түн.
Жүргендерге күнді іздеп, түннен қашып,
Шындық жолы емес қой мүлдем қашық.
Сол жолды ізде бойыңда қуат барда,
Жүзің төмен, болмаса кеудең жасық.
Күштілері әлсіздерін сабаған,
Қарақшысы жолаушыны тонаған,
Бұл фәнидің қорасына сасыған
Күліп кіріп, жылап шыққан көп адам.
Ішпей-жемей ақша жиса сараңдар,
Тон ішіне жасырынып жамандар,
Бұл фәнидің сарайына жылтырақ
Жылап кіріп, күліп шыққан адам бар.
Күлгендерді келемеждеп, жылатып,
Жылағанға басу айтып, жұбатып,
Алтын-күміс топыраққа шым батып,
Қайырылмай өтіп жатыр уақыт…
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі