Жаусын қар

Бұл бетте «Жаусын қар» атты Софы Сматаев жазған табиғат туралы өлең берілген.

Аспан жерге ақтарылып ақты ма, ей?!
Жауып жатыр дауылдатып ақ дүлей.
Ел отырған Жаңа жылын қарсы алып,
Мен отырғам сол еліме бақ тілей.
Қалам сұлық Алатауға жантайған,
Айым анау – ғасыр бойғы жарты айнам.
Ақ көбелек – қарды уыстап алардай
Ақсаңдайды ойым, мұңым қартайған.
Ақсын деумен көктің нұры әндетіп,
Шұбырады фонарьлардан сәуле тік.
Ырзығымыз таланушы ед тым жиі
«Өзің – еге!» дейтіндей Көк қаулы етіп.
Төгіп жатыр, сеуіп жатыр ырысын,
Болар шіркін осы жолы дұрысым.
Жаңа жылға жақсы тілек қоспаған
Шенділердің шектеулері құрысын.
Аспан жерге ақтарылып ақты ғой,
Жаңа жылда жаусын нұр боп ақ дүлей.
Ырысымыз ертең көктен жетеді-ақ.
… Ал кеудемде бір бүлк етіп жатты үрей.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері