Ес
Бұл бетте «Ес» атты Софы Сматаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Қайран Қасым!
Түсінем өкпеңді мен.
Күтпейсің сен құрметті өктемдіден
Ардақ тұтқан Тауларың кішірейіп,
Жағымпаз боп жарыса шөккен кілең.
Ірілігің,
Ұлылық,
Алыптығың
Тамсандырды тәнті етіп халықты мың.
Ұғысуға Өзіңмен өзім бармын,
Жұлысуға ұмтылмас Анықты кім.
Сен – Анықсың
Көтерген қоғам мұңын.
Азған қоғам тұсында жоғалды үнің.
Ұғынбаса қайтейін көп ағайын
Толағайдан біп-биік шоң арғынын.
Қажыдың ба күрсініп,
Қайран Ақын,
Қаусап,
Күйреп
Кеткен соң айнала тым?
Өңешіңе тағы да кептелді ме,
Қызыл тілің қыжылмен қайралатын?
Жан сырыңды қоймаса надан ұға,
Адамыңа,
Бар кінә – заманыңа.
Елдегінің жетпей жүр күш-қуаты
Төрдегінің мызғымас қамалына.
Ақын – жалғыз.
Жалғыздық еншісіндей.
Жалғыз Хақтың жердегі ол елшісіндей!
Күншіл қауым жабылып талағанда,
Жым-жырт қалар
Ұлы Ерін
Ел түсінбей...
Ақын – тағдыр.
Пысқырмас ақылгөйге.
Құдіретке бар болса ол
Жақын Бейне.
Ақын – автор
Тірілткен талай жанды
Тәңірмен де тең түсер Ақын кейде.
Ақын сыры – ғажап сыр.
Аңдамадық.
Өгейлеттік,
Өксіттік,
Талғамадық.
Ашықтырып,
Азайтып асыл бәсін
Алмақ болды қырт пен мұрт қолбала ғып.
Ақын – Пірім!
Қолбала бола алмаған.
Ар-ұжданым!
Асылым тоналмаған.
Ғазалымен Ажалды алып ұрған
Кем көрмеймін кей-кейде оны Алладан.
Пайғамбар ол болжайтын алдағыны,
Кеудесінде түнеген Аллам үні.
Сүмірейтер сұмдықты шындықпенен
Қалғымайтын ешқашан ар дабылы.
Күреседі ол қалғанша құр сіңірі,
Ел жүрегін ертеді тылсым үні.
Мәңгі жайы – Көгіне қонақтар ол
Тартып өтсе тәңірдің бір шыбығы.
Симайды Ақын тұқыртқыш бір арнаға,
Алда жүрер арыңдай мұнарлана.
Өзектегі өзің боп дамыл бермей,
Өшкеніңде өмірден
Тынар Дана.
Деміңменен Ақынның туыс демі.
Жылытады жаныңды буы іштегі.
Кәусарына қандырып қара халқын
Ұлы ақындар туады у ішкелі.
Ызғары бар күзіндей көктемінің
Төккені зар көмейден,
Шеккені мұң.
Қалың елдің қайғысын қанында ертіп,
Дәл өзі боп кетеді Көктегінің.
Епсектікпен еңкейіп,
Ептегенбіз.
Қолды сүйіп,
Құл болып кеткен елміз.
Төбемізге қондырып төменгіні,
Қадіріне ұлының жетпегенбіз.
Арсыз,
Жансыз,
Ұждансыз
Неткен елміз.
Жалғандықтың уына бөккен елміз.
Құл тірліктің қылғынып құрығында,
Ұлымызды табалап сөккен елміз!..
Айналса да Ақын – жер серігіне,
Мәңгілікке кетсе де демі іліне,
Айдап салып ажалдың қақпанына
Күліп қарап тұрамыз өліміне.
Өлтіргенмен қамалап,
Өлмейді Ақын.
Тағдыры боп халқының өрлейді Ақын.
Ат-атағын Алыптың әжуалап,
Өшіргенмен табалап,
Жеңбейді әкім.
Кердеңдікпен керілген кері тақым,
Бақ пен таққа өлердей жерік әкім.
Жетпістегі ақынын танымаған,
Түзер ме екен жүзіңді Серік әкім?..
Суатынан сусындап ел кенелер
Жеңе алмайды Ақынды жер кенелер.
Ел тұтқасы боп жүрген бәкенелер
Белгісіз боп бар-жоғы ертең өлер.
Кейде дана,
Кейде ала халық деген.
Кейде бала,
Кейде алып Алыппенен.
Өлмес рухы ұлтына сіңіп кеткен
Сала алмаймын Ақынды табытқа мен.
Ұлы Ақынның ғұмыры – бір бір заман.
Келешекке оларсыз жылжыр ма адам.
Сөнеді Күн,
Жұмыр Жер қақ жарылар,
Тұншықтырса ақынын құрғыр заман.
Заман қанша тықса да қапасына,
Жыр-жүректің лап қояр оты асыға.
Кеудесінде булыққан шерлі зары
Бозінген боп оралар ботасына.
Төр, төре де тұсалып,
Бағынады.
Қондыртпаған қонады ол тағына әлі.
Бар қазаққа құшағын айқара ашып,
Сарыарқасын елжіреп сағынады.
Жүреді Ақын өлместен жыр елінде,
Бір өмірі берілмей мың өлімге.
Рухы көкте.
Ұлы Ақын қалады тек
Мәңгі-бақи жұртының жүрегінде!..
* * *
Уай, Исраил!
Қырық күн кіші мен сенің – үндес інің,
Тербетелік екеулеп мұң бесігін.
Жүрегімнің пернесін жаңылмай бас,
Жатырқамас жанымның түр де есігін.
Ел құсасын тастайық сілкіп, сүртіп,
Салғырт ойды оятып жұлқып, түртіп.
Еміренер ер болса,
Бізді тыңдап,
Қара көзден жас тамсын бүртік-бүртік.
Уассалам!
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі