Онсыз да екі етілмейтін әмірің

Бұл бетте «Онсыз да екі етілмейтін әмірің» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Онсыз да екі етілмейтін әмірің,
Тезге түскен туралықтың намымын.
Жан тұтынған жалғызымнан айырып,
Жарық күні жай түсірдің, Тәңірім!
Ерегімді –
Терегімді құлаттың.
Есімді алдың,
Еңіреттің,
Жылаттың.
Қасіреттің қорғасыны құйылған –
Мәңгі меңіреу –
Қалқиған төрт құлақпын!
Қызықтай бер
Жұрттың алшы-тәйкесін,
Сүйген Құлың
Жия алмайды қайта есін.
Жетесізге
Жұдырық боп түйілген
Өз қолыңды өзің кестің,
Қайтесің!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері