Салды тағдыр саралап
Бұл бетте «Салды тағдыр саралап» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Салды тағдыр саралап,
Қыл бұрауын тақымға –
Жан-жүрегін жаралап,
Обал болды-ау Ақынға?!
Дүние жарығы сөнгендей,
Өткізеді қор күнін.
Көрге тірі енгендей –
Сораң күйі сорлының.
Бүлк-бүлк етіп көмейі,
Табалап –
Тауып байызын –
Хас өнердің өгейі
Қандырады айызын.
Жорта
Жанай өткені
Жеріп,
Теріс айналып –
Кергіп
Керден кеткені
Жаудан бетер жайланып –
Түбіне ақыр жетеді
Түгел бұдан басқасы –
Талтаң-талтаң етеді
Торай ерткен шошқасы...
...Қайғысымен қаттасып
Атқан таңның арайы!–
Тотығады тат басып,
Ішкі алтын сарайы.
Ашпай жұмған ауызын,
Қан толтырып ұртына –
Қасіретінің қауызын
Шығармайды сыртына.
Батқан күнге жалқынып
Сарғаяды санасы.
Қиялында талпынып –
Марқұм Мұнар баласы...
Айрылады еріктен
Елесіне малданып –
Байғұс бейбақ неліктен
Зар кешеді алданып?!
Жаспен жуып ұдайы
Өксік көмген өңірін –
Қарасады Құдайы –
Көншітеді көңілін!..
-
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі