Күннің көзін қайғы алып

Бұл бетте «Күннің көзін қайғы алып» атты Иран-Ғайып жазған мұң туралы өлең берілген.

Күннің көзін қайғы алып,
Құдірет қылды тосынды:
Аспан жерге айналып
Түсті...
Ойын осылды.
Түп-тамырым кесіліп,
Қопарыла құладым.
Ажал-сұмға өшініп,
Өкіріп-өксіп жыладым.
Жан сезімі үйтілді,
Ой күйігі пісіріп,
Дүние – түлкі-итіңді
Жарытпадым түсініп.
Кейде бұлаң құйрығы
Көңіліңді табады.
Кейде– хақтың бұйрығы –
Жаза бассаң – қабады.
Бірде – алдын,
Бірде – артын
Беріп діңкелетеді.
Салт өмірің – құр қалпың
Өтеді де кетеді.
Не кез келмес Адамға,
Уақыт желі өтінде?!
Жақсыға да жаманға
Берме ішіңді –
Өкінбе!
Мұңсыз бірін көрмедім,
Түгел – жаны жаралы.
Аллам өзі бергенін
Өзі қайтып алады.
Тоқпағына тойғаның
Келмейді оның қыртына...
...Шығаруды ойладым
Шырайымды сыртыма!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері