Сен – Мұнарбек емессің
Бұл бетте «Сен – Мұнарбек емессің» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
(Құлпытасқа)
Сен – Мұнарбек емессің,
Қара тассың!
Мен – жүрегін шер қапқан жара таспын!
Махаббат жоқ,
Мейір жоқ,
Рахым жоқ –
Жер мен Көктің арасы – нала-тасқын!
Сен – Мұнарбек емессің!
Тұр – құр елес...
Сенсіз өткен өмір – тұл,
Күн – күн емес!
Қыр басында зар құшқан сорлы әкеңнің
Танымауы жалғызын – мүмкін емес!
Сен – Мұнарбек емессің!
Ұлы қайғым,
Тастан ауыр зілмауыр – нұры да Айдың!
Қасқа алдырған күшігін көкжалдайын
Қан жұтпаймын,
Қалайша ұлымаймын?!
Аңсап келіп,
Армансыз аймалаған,
Арда кезім алаңсыз қайда, балам?!
Сен – Мұнарбек емессің...
Емессің сен –
Бұлбұлымнан шошындым сайрамаған!
Мұнарбек!
Бұл – сен емес!
Сен қайдасың?!
Осынысы Тәңірдің жөн бе –
Ойласын?!
Онсыз да қор Ақынды еңіретудің
Таппап па бұдан қапыл өңге айласын?!
Алса мені болмай ма,
Сені алғанша?!
Құдай да қателеседі екен ғой...
Амал қанша?! –
Жөнім еді көсіліп көрде жату,
Қасіретіңнің төрінде қамалғанша!
Сен – Мұнарбек емессің!
Ұлым менің,
Құрбандығың мен едім,
Құлың да едім.
Емексітіп ертеңге қол создырмай,
Шығып кетсе – ризамын бүгін демім!
...Табан асты салғаны-ай зобалаңға,
Бар билігі жүрмейді жоқ адамға.
Кетіп қалған жағыңды айтшы, Мұнар,
Тартып кетсем тап қазір –
Таба алам ба?!
Сен – Мұнарбек емессің!
Жалған – Әлем...
Мен – айтылып әдірем қалған өлең!
Атамдатпай,
Боздатып ботамдатқан
Әділетсіз тағдырды қарғап өлем!
Сен – Мұнарбек емессің!
Сезіп тұрмын –
Егіліп,
Ет-бауырымды езіп тұрмын!
Тас Мүсінің алдында
Тастай қатып –
Талақ қып,
Тас-Ғаламнан безіп тұрмын!..
-
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі