Тозып тірлік тертесі

Бұл бетте «Тозып тірлік тертесі» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Тозып тірлік тертесі,
Күпінеді құр кеуде.
Қалған ғұмыр келтесі
Келмейтіндей күрмеуге.
Ісінеді алқымым,
Батыл аттап, нық баспай.
Дүрмегінде жалпының
Жалғыз шаңым шықпастай.
Соқа басым сорайып,
Бұздым өмір оясын.
Дөң басында қарайып
Жатасың да қоясың.
Арманымды талқандап,
Әдірем қылды Тау мына –
Кеңсайына арқандап,
Қайтармайды аулыма.
Көңіл шерін ұғатын
Таңым күліп атпай ма –
Тегі тұлпар шығатын
Қысыры құлын таппай ма...
Бұласы едім даланың,
Қайғың жанды жеп тынар.
Бұра тартып барамын,
Көзім алды – көк мұнар.
Қас-қағымда айналып –
Жерге түскен Аспаным,
Табыттанып, тайланып –
Жардан ауа бастадым!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері