Бір Күндік Жарық

Бұл бетте «Бір Күндік Жарық» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бір Күндік Жарық,
Табына алмаймын саған мен,
Табиғаттаспын –
Бүткіл-Болмыс –
Күллі Ғаламмен.
Тарыға да алман –
Кеудемде жанған шырағым
Сөнеді екен деп,
Таусылады екен деп алар дем?!
Бір Күндік Жарық,
Кең жаймақ даңқ-құлашын
Бұлбұл мен дүлдүл
Сұрасын хайыр –
Жыласын?!
Жүдесін сайрап,
Жадасын ойлап жабығып...
Мен сенен рахым
Тілемен күтіп – расым!
Бір Күндік Жарық,
Сенімен менің бағам бір,
Сәулеңе сәттік –
Қалайша сонда болам құл?!
«Ақын дегенім –
Жақын дегенім Қүдайға?!» –
Дүниежарықтың
Түн-кеудесінде алаң жүр...
Бір Күндік Жарық,
Жанымды тербеп нұрларың –
Ғажаптығыңды,
Азаттығыңды жырладым.
Өмір мен Өлім –
Тірліктің тылсым егізі –
Екеуін де сүйдім,
Бірін де нала қылмадым.
Мен де – ғажаппын,
Мен де – азатпын –
Жарығым
Түскен түнекті
Қып-қызыл шоқтай қарыдым.
Өлшем көрмеңдер –
Өзегі өртті Ақынға –
Көрдің бесігін
Пенденің табыт-қалыбын!
Күйін кешумен
Бір Күндік Жарық-Ғаріптің
Батқан соң қайта
Шықпай ма күліп алып Күн?!
Ақын өлмейді,
Өлмейді Ақын ешуақыт –
Жүрегіндегі
Жарық-сәулесі ол Халықтың!
Халық дегенім –
Күн емей енді немене,
Күн сөнбегенде –
Жарық-сәулесі сөне ме?!
Бір Күндік Жарық,
Әмісе әңгүдік Ажалдың
Әңгіртаяғын
Ойнатпа ұдай төбеме?!
Ойнатқаныңмен
Ажалыңнан мен қорықпан,
Қорқа да қорқа
Жаным мен тәнім зорыққан.
Жазатайымда
Жалғыз ұлымнан айырып,
Көмекейіме
Қорғасынын құйып қорытқан.
Тіршілік жайлы
Өзгерген түптен ұғымым,
Кешегім менің,
Ертеңім менің –
Бүгінім.
Өз орнымдамын –
Әз ортамдамын қашанда –
Ұзын бола ма,
Қысқа бола ма ғұмырым!
Бүгін өлем бе,
Ертең өлем бе –
Тартулы
Нар көтере алмас
Тағдырдың жүгі артулы.
Бір Күндік Жарық,
Бір жасап қалу үшін мен
Жарамсақтанып,
Жалайын қалай артыңды?!
Есім – жиюлы,
Ақылым – толық,
Тоқ – санам,
Азғындауға да,
Тозғындауға да жоқ шамам!
Бір Күндік Жарық,
Өзіңді өзің жарылқа,
Жалына алмаймын
Жанымды қалдыр деп саған?!
Құдіреті Күштінің
Ғаламатына қанықпыз,
Екеуміз Бірдей
Күн-Анадан қуат алыппыз.
Сен – Аспан Аруы,
Мен – Жердің Зәруі –
Қос Мұңлық –
Бір Сәттік Сәуле,
Бір Күндік ғана Жарықпыз.
Нұр-шуағың бар
Жан шуақты өлең-жырымда,
Дәйімі асықпын,
Менен қашық бол,
Бұрылма?!
Өліп қалар деп
Сен маған аяп қарама,
Өшіп қалар деп
Саған бәйекпін,
Шынында...
Бір Күндік Жарық,
Жоқ сынды сенен еш кемім,
Өліп көрмедім,
Әзірге сен де өшпедің.
Сен өшсең егер –
Менің де мәңгі өлгенім,
Мен өлсем егер –
Сенің де мәңгі өшкенің!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері