«Көрсін!» – дедің

Бұл бетте ««Көрсін!» – дедің» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

«Көрсін!» – дедің,
Көресімді көрейін,
Жалғызымды жоқтап,
Жырлай берейін –
Дер шағында
Зар илеткен пендеңді,
Құдай,
Сенің арта берсін мерейің?!
Кәріңе – құл,
Құдіретіңе – кәмілмін,
Ортам – өгей,
Наласына таңылдым.
Кешіре гөр,
Қуамын деп жолыңды –
Епсіз жаздым,
Жаза бастым,
Жаңылдым?!
Көктегіге
Жердің беті – шарайна:
Кінәм,
Күнәм бар...
Ол үшін қарайма?!
Кеш,
Пендеңді –
Ұқсап баққан шығармын,
Сен боламын дегенім жоқ,
Алайда...
Шыбындамай Даңқ-Тәжге,
Не Таққа,
Шарға түстім,
Көп іліндім шатаққа –
Екі жүзді болсам нетті қанжардай,
Енжарланып нем бар еді Атаққа?!
Тура қарап хас Шындықтың бетіне,
Өтіріктің шоқ қарыдым етіне.
Қуаныш бердің...
Қайғыңды да аямай,
Үйіп-төгіп
Бердің – һадал ниетіме!
Бір өзіңе
Табынумен келемін,
Жаһил көрсем –
Бұра тарта беремін –
Азып-тозып
Арты ашылған қоғамның
Абыройын жауып қыңыр өлеңім.
Өз тілімді өзім қайтіп кесермін,
Кисем етті кебін ессіз есердің?!
Енді, міне,
Мінберінен ғасырдың
Құлап майып болған мәңгүрт мешелмін.
Туа-бітті
Басқа соғып таяғың,
Төрге озбадым,
Көрге тартып аяғым –
Ақын көрмей,
Әкім көру шарты ма –
Бұ Дүниенің бағы менен баянын?!
Қолым – қысқа...
Күшеніп те тышанып,
Жан-тәнімді күйік жайлап,
Ыс алып –
Өрісімді кеңейте алмай
Шаң қаптым,
Шырқ айналып,
Шідерленіп,
Тұсалып!
Нем бар еді аққа жақ боп,
Жөн сөйлеп –
Қиянаттан жеңілмесем,
Жеңсем деп...
Енді, міне,
Мұнарасы қасіреттің –
Соқа басым сораяды кемсеңдеп!
Сұм-жүрекке шемен байлап,
Шер екпей,
Алтын ақтап,
Құм тергеген електей,
Кіділеніп,
Кісілікті тәрк етіп,
Кісәпірлік күн кешуім керектей?!
Жарас таппай жасуындай иненің,
Жалған шығып сиынғаным,
Сүйгенім,
Жөгілікпен ғұмыр кешсем,
Әттең-ай,
Әсте бүтін болар ма еді бүйрегім?!
Бауырым – таза,
Тіршіліктің құнарын
Бойға жинап
Ерте сөнген шырағым –
Өз оғынан өзі мерт боп дұшпаны –
Сау-саламат жүрер ме еді Мұнарым?!
...Болды осылай...
Құдай,
Саған не дейін,
Жалғызымды жырлап,
Жоқтай берейін –
«Көрсін!» дедің,
Көресімді көрейін –
Көріп барып,
Жеріп барып өлейін!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері