Таң қалумен келемін

Бұл бетте «Таң қалумен келемін» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Таң қалумен келемін
Хақтың құдірет-күшіне.
Өңім болар дегенім
Енеді ылғи түсіме.
Кілең кері кетеді
Алға басқан аяғым.
Адалдықтың өтеуі –
Менің өмірбаяным.
Өңшең қырт пен дөй ыңғай
Терең қазған ордаймын.
Қарабайдың қойындай –
Қотандағы сор-қайғым...
Ащысымын өмірдің,
Тәттісінің – өшімін.
Кім бітейді көңілдің
Үңірейген тесігін?!
Жазғырмайын бекерге?!
Жә! Жыламан! Жыламан!
Құдай бақытты етер ме,
Жаралғанды күнәдан?!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері