Неңе көнбедім?!

Бұл бетте «Неңе көнбедім?!» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Неңе көнбедім?!
Көндім – бәріне!
Тыным бермедің
Ғарып жан-тәніме.
Соқтың басыма
Тағдыр-таяқпен.
Бағым – ашына
Итпен,
Итаяқпен!
Жон-арқам – көн тулақ,
Туғалы дүрелеп.
Жазмышың ерте улап,
Жүрегім – шүберек.
Зорға болды қор,
Қайран сезімдер.
Артым – жар,
Алдым – ор,
Көңілім – көзім – көр.
Ақ, адал ісімді
Таңғансың өсекке.
Құдірет-күшімді
Бергенсің есекке.
Әлі күн жезіңе
Алтыным – ұлтарақ.
Талантың – өзіңе,
Талақ!
Жыр – талақ!
Күн сүймей,
Ай құшпай
Өлуге таядым –
Қайыршы байғұстай
Алақан жаямын.
Безіп түр-түсімнен,
Ерімей қар-мұзым –
Тынамын ішімнен,
Жеткізбей Жалғызым..
Ұзаққа бара алман,
Тұсаулы мен бұлай!
Туғызып адалдан,
Тілеуімді бер, Құдай?!.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері