Отызда орда бұзбадым

Бұл бетте «Отызда орда бұзбадым» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Отызда орда бұзбадым,
Қыр асқаным жоқ қырықта –
Өртенген жазда мұздадым,
Бақадай шулап құдықта.
Ащыға жаным тұщынып,
Ауырын тағдыр ерте артты –
Кедей-тамырым күптей ісініп,
Кежеге-тінім кер тартты.
Өрістеп өмір көгенін,
Өрекпіп, көңілім тынды лез –
Кебенек киер дегенім,
Киді де кебін... жұмды көз.
Қуартқан ғұмыр-гүлімді,
Табынып тарын кезеңге –
Аластап шыққан Күнімді,
Туар Айымнан безем бе?!
Басынан бағы қашқан ер
Желпініп, желік қуар ма?!
Етегі таза есті әйел
Бай үсті бала туар ма?!
Өмірдің мәні – өлу ме,
«Еш» жақсы ма екен «кештен» де?!
...Басарда аяқ елуге,
Дал болдым білмей не істерге!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері