Мәңгі – Мазмұн-Мәнімен

Бұл бетте «Мәңгі – Мазмұн-Мәнімен» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Мәңгі – Мазмұн-Мәнімен
Дақ түспейді Алтынға.
Тәнім – қартайғанымен,
Жаным – жасыл қалпында.
Кемге етпейді қанағат,
Кеніш – мекен-тұрағы.
Кеудемдегі Аманат –
Кеңге құлаш ұрады.
Зықы шыққан өмірім –
Зәрін жаяр денеме.
Күн көрікті көңілім –
Алтын емей немене?!
Айрылып өң-түсімнен,
Тарқар тірлік-базарым.
Дос-жарға –
Оң ісіммен
Саф Алтындай тазамын.
Алтын!
Алтын!
Алтындай,
Асыл ойым, жарқыра?!
Салқындамай,
Сарқылмай
Тисе себім Халқыма!
Текті түйсік-танымым
Жүрегіме нұр құйып –
Жырым – Алтын Жарығым –
Көз қарыған Тұңғиық...
Алтын!
Алтын!
Сом Алтын –
Сарғаяды Санамда:
Айналар ма –
Со Қалпым,
Ақыры –
Алтын Адамға?!.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері