Ойдөйт деген-ай

Бұл бетте «Ойдөйт деген-ай» атты Оспанхан Әубәкіров жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

(Сықақ).

Шылпақ, Мырқан, Тотан бар,
Иә, айтпақшы, Ботан бар,
Театрға бардық.
Концерт басталды, зал тынды.
Бір қыз ария шырқады,
- Мына сорлы өңешін жыртады -
Дегені ғой әңкілдеп,
Бөстібайдың Мырқаны.
Келесі номер би болды,
- Биден жаным и болды.
Деп еді Тотан,
Ал Ботан:
- Ой, шіркіннің сирағы-ай,
Қалай жүр екен қирамай.
Бел дегенің сым екен,
Шіркіннің күйеуі кім екен?
- Өй, мұныкі далбаса,
Ары шауып бір өтеді,
Бері шауып бір өтеді.
Басын иеді де кетеді -
Деп Шылпақ кекеді.
Міне біреу күліп шықты,
Екі жеңін түріп шықты.
Ә дегенше бір әнді,
Бастырмалатып «ұрып» шықты.
- Өйдөйт деген-ай,
Қайран Кемел-ай.
- Өлме, Кемел, өлме,
Өлсең қайтып келме, -
Деп бір жақтан Ботаң,
Бір жақтан Тотан,
Арт жақтан Мырқан,
Өй, кілең бір тыртаң,
Дәл бір қой қайырғандай,
Айқай да ұйқай:
- Ой, пәле-ай!
- Ой, ит-ай!

***
Қошеметінің сиқы-ай.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері