Халқымның көзайымы
Бұл бетте «Халқымның көзайымы» атты Гүлнәр Науырша жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Наурыз көже дәміңнен дәм татайын,
Наурызкөкке қауынып тіл қатайын.
Наурыз гүлді толтырып құшағыма,
Ақ әжеден ақырын сыр тартайын.
Наурыз күні көрісіп үлкендерге,
Қамзол менен кәжекей ки сендер де.
Ақ көйлектің белін буын бүрмелі,
Әп-әсем боп шығыңдаршы көрмеге.
Ақсақал қарт шаттансын қолымды алып,
Ал келіндер жүгірсін сәлем салып.
Ақ жаулықты Анаға иілейін,
Лебізінен бойыма қасиет дарып.
Тайқазанда сүр етсоғым қайнасын,
Табақ тартар жігіттер де сайлансын.
Қазы-қарта ақ дастарқан үстінде,
Ақ бауырсақ күрең шаймен жайнасын.
Келіншекке самаурыны жарассын,
Бала-шаға шашу терсін, талассын.
Бәйбішелер тұсау кесіп ырыммен,
Балбөбекке бата жасап жол ашсын.
Палуандарым күрессін күшіменен,
Нар жігіттер көрінсін ісіменен.
Ақ отауда Ақбаян, Ақжүніске,
Сері жігіт сөз айтсын бәсіменен.
Қос ішекті домбырам бебеулесін,
Киіз үйде қыз-желең «беу-беу» десін.
Кәрінің де жастың да көңіл-күйі,
Көтеріңкі, биікке әуелесін.
Шолпы тақсын жеңешем әсемдене,
Әнге бассын сырбазың әсерлене.
Бәйне алдын бермейтін жігіт қайда,
Сүйіншісін әкелген есіңде ме...
Қынай белдер бұралсын сұлуланып,
Жүректерді бейкүнә нұрға малып.
Салқам ағам қалыспас арулардан,
«Айнамкөздей» әдемі әнге салып.
Наурыз күні – халқымның көзайымы,
Әдет-ғұрып, салтымның жоқ айыбы.
Қазағымның болмысы, көрінісі,
Ғасырлардан-ғасырға асар әлі.
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Салтанат Айдарбекова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі