Шыңғыстай. Көшедегі бұлттар
Бұл бетте «Шыңғыстай. Көшедегі бұлттар» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Бұл ауылда
бұлт кешіп бала өседі,
бұлтты болар сондықтан келешегі,
балқарағай сарсүйек болған кезде,
бүршіктерін қытықтап жел еседі.
Бұл ауылдың
болғасын құты басым,
тұтқынына түбі кеп тұтыласың.
Шыңғысханның сүйегін қымтап алып,
киелі тау ашпайды құпиясын.
Бұйыртпаса,
Алтайдың бар қонағы,
бір көруге Мұзтауды зар болады.
Арқарлардай ауылға ауып келген
ақша бұлттар аралар әр қораны.
Мызғып жатыр
маңғаз тау мұз бөктерген,
мәңгі осылай — ісі жоқ күз, көктеммен.
Мұзтау сынды
мұнартқан қарттарымның
мәрт тұлғасын мөлтілдеп іздеп келгем.
Қайран қарттар
тас қашап, кетпен шапқан,
қарағайдай қасқайып кеткен саптан,
күркірейді күн болып енді бүгін,
келер шақ пен осы шақ, өткен шақтан.
Ай астында кісінеп күміс табын,
ат жалынан алтын шық уыстадым.
Жалғызаяқ жолға сап,
жөн сілтеді
жалғызаяқ самырсын туысқаным.
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Салтанат Айдарбекова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі