Сыздайды да мұздайды сұм жүрегім

Бұл бетте «Сыздайды да мұздайды сұм жүрегім» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Сыздайды да мұздайды сұм жүрегім,
Қаңылтырдай тот басқан тұнжыр өңім.
Тебінгідей шіріген төзімім-ай,
Тепсе үзілмес сен де бір шынжыр едің.
Қыста оянған аюдай халім мынау,
Сең соққандай сенделдім,
сабылдым-ау.
Көкірегім көк сүңгі,
жаным қырау
Сандалтардай тағдырға нағылдым-ау,
Жасырамын жанымның ауруын,
Запыранын сапырар зары, мұңым.
Ертегіден ұшып кеп,
әкеп мені,
Қауырсынын күн шалған самұрығым.
Түрі өзгерді тірліктің мүлде, кенет,
Тығылғандай халдемін түрмеге кеп.
Жүрегімді қараймын қолыма алып,
Дімкәс жүрек дерт буған
Кімге керек?..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері