Қырғыздар немесе Жомарт Бөкенбаев тойында

Бұл бетте «Қырғыздар немесе Жомарт Бөкенбаев тойында» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бәйге бітті.
Арамтер боп шаршаған
бір бозбасты сөзге жығып барша адам,
«Байкем тойы жақты ма?» деп аңқылдап,
алма-кезек қағып мені арқадан,
боз үйлердің белдеуіне ат байлап,
боза сілтеп,
нарын жеуге тарқаған.
Жал-құйрығын желбіретіп күз желі,
Жортып өтті сәйгүліктер тізбегі,
«Қазағыма мінгізейін бір ат» — деп,
Марқабай дос ең жүйрігін іздеді,
менің көзім аққу мойын атта емес,
атқа мінген аққу мойын қызда еді...
Жомарт халық көрмедім мен қырғыздай,
мәпелейді-ау мойыныңды бұрғызбай.
Ат мінгізіп,
қалпақ тартып жатса да,
мақсым сілтеп отырмын мен дым қызбай.
Түн түнегін тіліп түскен жұлдыздай,
өзегімді өртеп кеткен қу қызды-ай!
Бозадан соң бал-бұл жанып,
нұрланып,
тек қазақша ырдайды екен бұл халық,
қонақкәде қайтарар ем қырғызша
тіл байланған,
отырғам жоқ бұлданып:
«Айылдың арғы жағынан...»
аттан түсіп жолығар ма ем ұрланып!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері