Жаңбыр

Бұл бетте «Жаңбыр» атты Талап Таймасұлы жазған табиғат туралы өлең берілген.

Құбылған күннен құралған
адамға бағыт,
Сырғыған күнін жылжытқан
қадамға тағып.
Балалық кетті ғайып боп жауынмен соқыр,
Атқұлақ суын табанға жағып.

Ессіздік күндер ес алған
есермен жеткен,
Ауруы жастық құсалық
кеселмен өткен.
Ғашықтық дәурен қызығы шайылып мүлдем,
Кетеді қатты нөсерден төккен.

Адамдық тағдыр пәниге
жолданған тұстан,
Қас қағым сәттен кезеңдер
қолдан бір ұшқан.
Бойыңа сіңер тірліктің бозала күйі,
Сілбірлі ырғақ боз жауын құшқан.

Күндер де тозар ылғалдан
күн нәрі үркіп,
Шырмалар ғұмыр тылсымның
жұмбағы іркіп.
Еңсесі еңкіш тартады жылжыған күннің,
Себезді жаңбыр былғары бүркіп.

Құрсақтан еніп, өнеміз
тән құрай белде,
Жалғанның жолын кешеміз,
жан шыдай кемге.
Өткенде ғұмыр өшеміз, топырақ жұтып,
Жаңбырдан тамған тамшыдай жерге.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері