Эшелондар

Бұл бетте «Эшелондар» атты Арасанбай Естенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Соғыс кезі... Эшелондар тізбегі
Қайшы алысты шойын жолда түздегі.
Эшелондар жалғап тыл мен майданды,
Әскерлер мен ел үмітін үзбеді.
Шешу үшін өлім - өмір арасын
Жеткізетін қарудың не жаңасын,
Эшелондар дәнекер боп ортада,
«Тілдестірді» баласы мен анасын.
Дей алмаймыз, тамұқ таңы аз атты,
«Мессершмидт»* төндіргенде тозақты,
Эшелондар жауын құрттай жан таппай,
Жаралымен бірге тартты азапты.
Салмағына жаншылса да жер үсті,
Ауырсына үнсіз ғана келісті.
Күн-түн демей ерсілі-қарсылы ағылған
Эшелондар жақындатты Жеңісті.
Көріп көзбен рейхстагты алғанды,
Жиып енді барлық тірі қалғанды,
Мамыр айдай арқа-жарқа шуақ боп,
Эшелондар қауыштырды жарларды.
Талайларын талқан қылған турап от,
Сан боздақты қиып түскен бір-ақ оқ...
Эшелондар кеткен тарих қойнына
Қала берсін мұражайда мұра боп.

*Жау ұшағы


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері