Смағұл Садуақасұлы

Бұл бетте «Смағұл Садуақасұлы» атты Арасанбай Естенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

«Голощекин жолдас жеті сағаттан артық сөз сөйлеп, осы уақыттың қақ жартысында мені сөз ғып, мені кінәлап өтті...»
Смағұл Садуақасұлы.

Ол он алты-ақ жасынан
«Бірлікке»* арнап күн-түнін,
Қалыптасқан басынан
Қайраткері ұлтының.
Атқан шақта жаңа таң
Сауат болып басты арман,
«Жас қазақ» пен «Балапан»
Журналдарын басқарған.
Ағартушы комиссар
(Министр ғой бүгінгі)
Кейінгі ұрпақ танысар,
Қалдырды мол туынды.
Отыз үш жыл ғұмырда
Елеулі іс атқарған.
Еңбек етіп ғылымға,
Сын жауһарын ақтарған.
Өр тұлға еді еліне,
Ағып түсті жасындай.
Ілім-білім нәріне
Ынтызары басылмай.
Жұмбақ өлім таң қылып,
Сыр аша алмай еш пенде,
Мәйіті де мәңгілік
Қалып қойды Мәскеуде.

*«Бірлік» – 1916 жылы Омбыда құрылған қазақ жастарының ұйымы.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері