Бір жақсы мен бір жаман

Бұл бетте «Бір жақсы мен бір жаман» атты Арасанбай Естенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

(топтама өлеңдер)
Жақсы деген немене?
-----------------------------
Жақсы деген – ізгілік,
Ибалы, иманжүзділік.
Жақсы деген – әдебің
Қастерлейтін біз біліп.
Жақсы деген – жақсылық,
Болмайтын еш жат қылық.
Жақсы деген – біліп қой,
Тектегі бекзаттылық.
Жолықса да неше сын,
Жібермейтін есесін.
Алғыр болсаң, зерделі
Жақсы болып өсесің.

Жаман деген немене?
-----------------------------------
Жаман деген – жамандық.
Білімсіздік, надандық.
Нақұрысты құдірет
Жаратады арам ғып.
Жаман деген – жасықтық,
Өжеттіктен қашықтық.
Жамандарды жәдігөй
Жаратады пасық қып.
Жаман деген олақтық,
Одан жаман салақтық.
Жаман деген – жетесіз,
Ақыл-ойы шолақтық.
* * *
Жақсы, жаманды ал, ұқ та,
Ақылға сал, парықта.
Жамандықтың уытын
Бойыңа еш дарытпа!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері