Жеті құрылым
Бұл бетте «Жеті құрылым» атты Арасанбай Естенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
1. Ауыл
«Тірлік түбі – бірлікте»,
«Көп түкірсе – көл» деген.
Бабаларым тірлікте
Ынтымағын бермеген.
Тіршіліктің төтеннен,
Болмас үшін жүгі ауыр.
Ең жақын он түтіннен
Құралатын бір ауыл.
2. Ата аймақ
Жасқанбас еш жауыңнан,
Шапса дағы атойлап.
Аталас он ауылдан
Тұрады екен ата аймақ.
Ата аймақтың көсемі –
Ақсақалдар көшелі.
3. Ру
Он-он бес аймақ тұмарлы
Біртұтас ру құраған.
Басқарады бұларды
Ұлыс басы – бір адам.
4. Арыс
Жер шалғай деп тосылып,
Қарамастан елге алыс.
Бірнеше ру қосылып,
Құралады енді арыс.
Мүдде ортақ болса егер,
Жаттығы жоқ алыстың.
Ізгілікпен дән себер
Басшысы – би арыстың.
5. Ұлыс
Шашылған шаттық ырысы
Ел болар келбет, нұры айқын.
Келесі түзім – ұлысың
Бірнеше арыс құрайтын.
Жақындатып алысты
Ынтымақ, бірлік, сыйменен,
Басын қосып арыстың
Ұлысты сұлтан билеген.
6. Жүз
Ұлыстардан бірнеше
Жүз құралып келесі,
Бәйтеректей гүлдесе,
Хан болады төресі.
7. Хандық
Осында міне, күш біздің,
Мемлекет болар шырайлы.
Қосылып басы үш жүздің
Хандықты ұлы құрайды.
Тіл табысқан ел-елмен
Тәңірісі бар құттың –
Хақан болған ежелден
Әміршісі хандықтың.
Түйін
Міне осындай, түлегім,
Ежелгі жеті құрылым.
Артық болмас білгенің
Бабаңның салт, ырымын.
- Омархан Айнұр
- Омархан Айнұр
- Ахмет Байтұрсынұлы
- Конфуций
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі