Жеті байлық

Бұл бетте «Жеті байлық» атты Арасанбай Естенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Әуелгі байлық – денсаулық
Ала алмайтын сатып та,
Ерен байлық өте бұл.
Қастерлеп әр уақытта,
Саулығыңды күте біл.
Суық көрсең бұғынып,
Өз-өзіңнен тырыспай,
Ерте тұр да, шынығып,
Шымыр боп өс құрыштай.
Бекем бу да беліңді,
Таста жолдың жеңілін.
Күтем десең деніңді,
Спорт болсын серігің!

Екінші байлық – тіл байлық
Бойлап ойдың тереңін,
Екшеп мәнді керегін,
Сөйлескенде біреумен
Сөз маржанын тере біл.
Шебер болсаң, тіл байып,
Шешендік те бір ғайып.
Мақал-мәтел үйреніп,
Тілімізді шыңдайық.
Өскен сайын ұлғайып,
Жетіледі тіл байып.
Сөз қадірін Абайдай
Ұлылардан ұғайық.

Үшінші байлық – еркіндік
Аясы шуақ – төріңнің,
Арманың – асқақ, абат бақ.
Иесі сенсің өмірдің,
Еркіндеп көкке қанат қақ.
Үміттің туын құлатпа
Талаптан, талпын, серпіл дос.
Жетем десең мұратқа,
Қысылмай емін-еркін өс.
Уайымдарға берілме,
Ойламай ешбір қайғы-мұң.
Медет болар көңілге,
Еркіндік – басты байлығың.

Төртінші байлық – күш-қайрат
Жалындап күш-қайратың,
Жігерің от боп лауласын.
Тауға теңер айбатын
Ер жігітке бар ма сын.
Мерейін гүлдей жайнатып,
«Азамат!» – дейді ондайды ел.
Байлығың – күш-қайратың,
Еселеп оны, шыңдай бер.
Бойыңда барда күш-жігер,
Еңбек ет елге еселі.
Ерлерімен іс білер
Отаның көктеп, өседі.

Бесінші байлық – ақ жаулық
Өмірлік сүйген жарыңыз.
Мінезі балдай, аңсарлық,
Көргенді бірін алыңыз.
Ақ жарқын келсе, жайдары,
Ақыл-ойы өрісті,
Жаныңның жәннат жайлауы,
Тұрмысың болар келісті.
Байлығың үлкен ол да аса,
Жанашырың, серігің.
Асыл жарың болмаса,
Қастерлейді сені кім?

Алтыншы байлық – балаңыз
Мұрагерің, ұрпағың.
Баламен артта қалады із,
Арайлап атып нұр таңың.
Тілінің татып шырынын
Былдырлатып, жырлатып,
Таратып желге тұлымын
Перзент сүю – бір бақыт.
Отбасың тәтті балдайын,
Өмірің нұрлы осымен,
Балаңды баулып әрдайым,
Өсірсең көңіл хошымен.

Жетінші байлық – он саулық
Еңбегің адал, табысың.
Байларға болма қолжаулық
Кеудеңде барда намысың.
Үміт қып әр кез ертеңнен
Өмірің барда алдыңда,
Өткізбей күнді селтеңмен
Еңбектен, талпын, мал жина.
Өмірге бейім болмағы –
Ер жігіттің ұлы ісі.
Жетінші байлық ол дағы
Отбасының ырысы.

Жетеуі осы барында
Сай болып төрт құбылаң,
Бақыттың Иран бағында
Сусындарсың нұрынан.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері