Өлең, жыр, ақындар

Домбыра

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 3534
(Баллада)
Өлерде ақын домбырасын сұрады,
Әлі келмей, бұралмады құлағы.
Шектер, шектер ақырын жай дірілдеп,
Толқындаған тоқтады үнсіз жыр, әні.
Ақын жайлы жазып құлпытасына,
Домбырасын қойды қабір басына.
Қарауылға қарағайды тұрғызып,
Суарды ел көздерінің жасына.
Жаздың көркін әкеткенде күз ұрлап,
Жел сөйлейді әлденеге ызыңдап.
Ол бейшара бебеу қағып тұрғандай
Домбыраның сырлы шегін үзіп ап.
* * *
Бұлт ала, жер шола боп
Еріп жатыр шыны ақ қар.
Жағада тұр қаракөк
Шашын жайып жылап тал.
Өлді ме әлде қайғыдан
Оққа ұшып сорлы жар.
Ғашығынан айрылған
Мұңды жандай со бір тал.
Қасіреттен қалжырап,
Болып талай жылға аңыз.
Шашын жайып тал жылап,
Жар басында тұр жалғыз.
* * *
Ақ сабынның көбігі
Тәрізді қар еріді.
Шөл шиендеп, күн қызып,
Жер аяғы кеңіді.
Қыстай жатқан кәрі ана,
Шықты бүгін далаға.
Жасартқандай жылы жел,
Жасартқандай жаңа ауа.
Тұла бойын жылытып,
Көкірегіне жаз қонып,
Қарттық шағын ұмытып,
Тұр баладай мәз болып.
* * *
Сырдың бойын күндіз көру ғанибет,
Көз алдында тұрады өмір бәрі кеп.
Қырғауылдар,
Қырғауылдар көк-жасыл
Сыр бойынан береді көп мәлімет.
Қоңыраулы тікенекті шеңгелдер,
Тек тікенек дейді
бекер көргендер,
Қырғауылдар шеңгелдерді мекендеп,
Кеште арқанын шеңгелдерге керген жел.
Сырдың бойы сұлу көлдер саф күміс,
Сырдың бойы белден пая ақ күріш.
Сырдың бойы сырлы көйлек қауындар,
Сырдың бойы жеміс толы бақ жыныс.
Сырдың бойын күндіз көру ғанибет,
Көз алдыңа тұрады өмір бәрі кеп.
Сыр бойының суреті — қырғауыл,
Сыр жайынан береді көп мәлімет.
* * *
Орманда түрлі гүлдер бар,
Далада түрлі гүлдер бар.
Шырының сормай солардың
Бермейді ара бірден бал.
Дүниеде мұңды көздер бар,
Дүниеде нұрлы көздер бар.
Соларға ақын сүңгімей
Төкпейді бірден сөзден бал.
* * *
Терезеңнің әйнегінен
Көзіңді сал, ұмытпа,
Қарар саған aй көгінен
Сонда мені ұмытпа.
Зарықтырды бізді мұнша,
Тағдыр қамап тас қылып,
Терезеңе жел ызғырса
Есігіңді аш тұрып.
* * *
Үйреніңдер көлдерден жомарттықты,
Жатыр жұртқа ақысыз суын беріп.
Үйреніңдер аспаннан жомарттықты,
Жатыр жұртқа ақысыз күнін беріп.
Үйреніңдер бұлттардан жомарттықты,
Шөл даланы суарған қарық қылып.
Үйреніңдер орманнан жомарттықты,
Саясына әл берген алып тұрып.
Үйреніңдер бұлақтан күлкілерді
Сыңғырлаған ән салып қыста қатпай,
Үйреніңдер бұлақтан күлкілерді
Ақ көбік боп арқырап ұшқан аттай.
Үйреніңдер адамнан өр қайратты
Жөнге салған күшімен соның бәрін.
Жан отымен жарық қып табиғатты
Тұрады ұстап доптай бір қолына күн.
* * *
Жүректің жүгі көп —
Дүниеде махаббат бар
Жүректі жылытатын.
Дүниеде қатал қыс бар
Жүректі суытатын.
Дүниеде арамдық бар,
Жүректі күйдіретін.
Дүниеде адалдық бар,
Жүректі сүйдіретін
Бірінде жүрек
Жазғы күн жайма-шуақ,
Бірінде жүрек
Соғады талмаусырап.
Қайғы отында,
Шаттық шұғыласында,
Жүрек балқиды қорғасындай
Жауыздық пен жақсылық домнасында
Оған білінбей жабысады
Дүниенің мың кеселі,
Жүрек қайғы бұлттарына,
Көз шықтарына
Қарсы күреседі.
Ол өзі кішкентай болса да
Осындай ірілікке жарап отыр.
Жүректің қызуын өлшейтұғын
Жоқ әлі барометр.
* * *
Егер мені тұншықтырса сұр тұман,
О күн, о күн, шық аспанның төріне!
Кірпігіңмен түртіп оят ұйқыдан,
Нұрыңды құй қансыз-сөлсіз өңіме.
Егер мені тұншықтырса тымырсық,
О жел, о жел, желпі мені қанатпен!
Кең далада көсілейін бір ұшып,
Өзің берген өзіндей бір тағы атпен.
* * *
- Кім далада ысқырады,
Бала ма?
- Жоқ жел ғой ысқырған,
- Кім далада жылап жатқан,
Бала ма?
- Жоқ, өзен ғой өкіріп ышқынған,
- Кім далада сыбырлаған?
Бала ма?
- Жапырақтар ғой судырлаған.
* * *
Асыл құрбым, шырқашы
Жақсы көрген әніңді!
Жиырма бестің қырқасы
Қайта тербер жанымды.
Мек жастықты білмедім,
Жүрмедім шу тойменен.
Өтті-өтті күндерім
Өкінішпен, ойменен.
Көп адастым боранда,
Омбыладым, құладым.
Керек болды-ау со маңда
Сенің салған бір әнің.
Кетер едім серпіліп,
Кетер едім желпініп.
Сүйер едің сен тұрып,
Күлер едім мен тұрып.
Қысында сұм тағдырдың
Омбыладым, құладым,
Жақын келші, жан құрбым,
Жылжып маған бір адым,
Керек боп тұр бір әнің.
* * *
Көз алдымда от елесің
Тартқан маған өмір сыйын.
Тек сен жалғыз көтересің
Қалжыраған көңіл күйін.
Көзді арбап мың құбылыс
Жайнап, ойнап тұр алдымда.
Дірілдеген сырлы дыбыс
Тұнып қалды құлағымда.
* * *
Гүлдей еркем,
Күндей көркем,
Келбетің тұр алдымда.
Ойнаған боп,
Ойлаған боп,
Қара орманда қалдың ба?
Жылдар мені,
Жырлар мені,
Алға айдады аптығып.
Қарайладым,
Тағы ойладым,
Қайда деп сол тәтті үміт?
Қара орманнан
Шықпайсың сен,
Жолыма гүл лақтырып.
Қуып келем,
Қуып келем
Арман деген ат мініп.
* * *
Дауылдан күту жақсылық,
Торыққанның белгісі.
Жауыңнан күту жақсылық
Қорыққанның белгісі.
* * *
Тас мейір кейбір адамнан,
Ақжарқын жүзді гүл артық.
Сыйлыққа бола жаралған
Гүл тұрар жанды қуантып.
* * *
Бір кезде қара көзің қайдалаған,
Бір кезде майда сезім аймалаған.
Бұл күнде көрген түстей жоғалыпты
Қашасың мені көріп айдаладан.
* * *
Жұлдызы бар, айы бар
Өтті өмірде күндер көп.
Көңілдің не жайы бар
Ешкім сұрап білген жоқ.
Жас күндегі жалынды
Албырт, асау күн өтті.
Қайғы кернеп жанымды,
Қалжыратып жүдетті.
Сонда аспан төрінен
Жұлдызымдай көріндің.
Кездестім де сенімен,
Жудым кірін көңілдің.
Әніңменен, күлкіңмен,
Құйдың маған бір ләззат.
Ақты селім іркілген,
Махаббатың тұр маздап.
* * *
Қарайсың сен қара көзің мөлдіреп,
Жүрегімді жаям саған елжіреп,
Бата алмайды, айта алмайды бір сөзді
Қамалдарға қарсы аттанған ер жүрек.
Соныменен қыс та өтті жылыстап,
Асау жаным көрген емес тыныстап.
Жаз келді ғой жадыратып көңілді,
Шықсайшы бір жүрегімдей гүл ұстап.
* * *
Жас күндегі ойнақшыған
Нұрын көзі сақтапты.
Себебі не?
Ойлап тұрсам
Тамшы жасы ақпапты,
Екі беті қан жүгірген,
Қуармапты әлі де,
Себебі не?
Ауыр күнде
Шыдапты ол бәріне.
Құлпынайдай шешек атқан
Аялапты ол құс жанын,
Себебі не?
Кесек атқан
Елемепті дұшпанын.
* * *
Сонау жылдың күзінде
Өмір өртке шарпылды.
Жалаң қылыш жүзінде
Дірілдеген қан тұрды.
Тосты өлім тығылып,
Тоғыз жолдың торабын.
Адамзатқа суырып
Сілтеуге ажал орағын.
Аш кемпірдей сығалап,
Өз жемтігін тапты өлім.
Саусақтары сумаңдап,
Жатты тоқып ақ кебін.
Қорғап адам өмірді,
Шықты айқасқа күн ұстап.
Өлтірді өз өлімді
Табанға сап қылыштап.
* * *
Жапырақтан діріл қағып жас үміт,
Күттім сені, күттім сені асығып.
Күтті бұлбұл, күтті гүлдер иіліп
Бір өзіңнің ғұзырыңа бас ұрып.
Көкіректі кернеп кетті кейде мұң,
Өз-өзімнен іштей толқып сөйледім.
Көрінгенде көңілім түсті орнына
Ай астынан ағараңдап көйлегің.
Тұрдық біздер бір бұтаққа асылып,
Жапырақтар қалқалады жасырып.
Сырымызды өзендерге айтуға
Жел жөнелді тағат таппай асығып.
* * *
Сал едім, салқы едім сайраңдаған,
Алаңдап ешнәрсені ойланбаған.
Қараңғы бұлттан шыққан жарық айдай
Кездестің, қалқатайым, қайдан маған.
Ақ гүлдей бала екенсің бір шырайлы,
Жүрегім тулап соғып тыншымайды.
«Ағатай, аман ба» деп өтсең болды,
Халімді сенен басқа кім сұрайды.
* * *
Көптен бері көрмеген,
Ескі достар кездестік.
Көп сағынып шөлдеген
Көлдей жүзі көзге ыстық.
Асыр салып,
Ұйтқып от,
Төбемізден өтті оқ.
Бүгін бізде ұйқы жоқ,
Әңгіменің шеті жоқ.
Кімдер болды соғыста,
Кімдер жүрді от кешіп.
Кімдер өлді со тұста,
Көкірегін оқ тесіп?
Ұшты атылған оққа кім
Қызыл қанға боялып?
Кейбір қыздың аттарын
Қоямыз біз ойға алып.
Қанша рет терледік,
Кімнің орны бос қалды.
Қайсы жерге жерледік,
Көңіл қимас достарды.
Кештік майдан жолдарын
Өткенді бір жаңартып.
Аңдамаппыз қалғанын
Әңгімемен таң атып.
* * *
Алғашқы айтқан сертіңнен
Неге тайқып айныдың?
Үлбіреген көркіңнен
Ізін көрем қайғының.
Өскен гүлді бақшаңда
Кетті ме әлде жел алып.
Ай секілді аспанда
Барасың ба сен ағып?
Аққан бірге ағыспен
Көгілдірдей көлдегі,
Кетесің бе алыс сен
Мұңға кеміп кеудені?
Тірі жүріп жалғанда
Боламын ба шын күлкі,
Қайғың менде қалғанда
Қуанышың кімдікі?
* * *
Досым едің құлын-тайдай ойнаған,
Өмір — өзен тереңінде бойлаған.
Досым едің мерекелі тойларды
Думандатып бірге күліп тойлаған.
Саған айтар сөздерім бар арнаған,
Үмітім бар көктей өсіп қаулаған.
Жаңа жылда тассын өлең арнадан,
Тусын бала дәл өзіңнен аумаған.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Алматының алмасы

  • 0
  • 0

(Әнге лайықталған)
Алматының бағында
Алма ағаштар гүлдеді.
Жаздың сұлу таңында

Толық

Грек хаты

  • 0
  • 0

Жүздері солғын жабырқап,
Ішінде қапас түнектің.
Біздің елге жазып хат
Ұлдары отыр гректің.

Толық

Күн сәулесі

  • 0
  • 0

Желмен ұшты жапырақтар,
Саулап түскен сары алтындай.
Желмен ұшты жапырақтар
Самұрықтың қанатындай.

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер