Ақыраптағы жапырақ

Бұл бетте «Ақыраптағы жапырақ» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ақырап келдi ақырып,
Бақсыдай жынын шақырып.
Жапырақ – тiлiн
Ағаштың
Ұшырды көкке сапырып.
Жұлынған тiлi жас шынар,
Мылқаулыққа да бастығар.
Бастығар,
Iштен тас тынар,
Қабығын, бәлкiм, жас шылар?
Жұлқынып тұрған жүйрiк тiл,
Жұлындың,
Желмен құйғыт бiр!
Сөйлейтiн кезде судырлап,
Мылқау боп қалған тiрлiк бұл.
Жезтаңдай құстай сайраған,
Араша түсер қайда Адам?
Орнында ма деп өз тiлiм
Отырмын қарап айнадан...
Аққұла болды атырап,
Алқынба ендi,
Ақырап.
Жалғанның жоғын жоқтар ма,
Аузымда қалған жапырақ?!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері