Қуаныш

Бұл бетте «Қуаныш» атты Ұлыхан Сұлтанқызы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Анаң тапса да қандай күні,
Саған барлық бақытты таңдайды ұлы.
Көңілсіздеу болғанмен кейбір істер,
Сәби онша білмейді қам-қайғыны.
Жылдар барын білмейді ол, ғасыр барын,
Сайрандайды бақшаның жасыл бағын.
Мәз болады төгілген жапыраққа,
Қызықтайды гүлдердің ашылғанын.
Қуанады жұлдыздар жымыңдаса,
Қуанады құрт-қоңыз қыбырласа.
Қуанады кисе бір жаңа киім,
Қуанады биесі құлындаса.
Қуанады аспанға ай шыққанда,
Табанымен басады айшық таңба.
Жүгіреді жүгенін ала салып,
Бала құлын кешегі тай шыққанда.
Жаралғандай өзі үшін арнап бәрі,
«Машинасы», «маузері», қармақтары.
Тіршіліктің балаға бәрі базар,
Қуаныштың таусылмас тармақтары.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері