Босаға
Бұл бетте «Босаға» атты Ұлыхан Сұлтанқызы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Желе жортып шыға келсем жотаға,
Бұлдырайды сайда сарғыш тошала.
Әжем түскен, анам түскен босаға,
Маған таныс, маған ыстық осы ара.
Жасырғанмен көң-қоқырлы шоқпытын,
Тошалада бұл күндері жоқ күтім.
Айналасын көмкергенмен көк орман,
Шаңырағынан шұбамайды көк түтін.
Әлде адасып келіп қалған жоқпын ба,
Еріксіз бір құйын болып соқтым ба?
Жатырқаулы тігіледі жанарлар,
Сағындырған көне көздер жоқ мұнда.
Тыңдағаным жаттанды сөз тамамға:
«Бала-шаға, асыл жеңге аман ба?».
Орталанып қалыпты ғой әке орны,
Жұрты ғана осы орында қалған ба?
Рас, артық не сый керек маған да,
Әзірленіп жатыр әне тағам да.
Кеп-кешегі ерке қызы осы үйдің,
Айналыпты сыйлы қонақ адамға.
Ай туды әне имегіндей орақтың,
- Әумиін!
- Қалқам, мен батаға олақпын.
Аяулы әке, асыл ана жоқ мұнда,
Ал күт, келін, енді саған қонақпын.
Мың аралап келсем-дағы жер түбін,
Баяғыдан басылса да серпінім.
Ат айналып табады екен қазығын,
Әлі маған ыстық екен төркінім.
***
Қайтайын деп қайта шықтым жотаға,
Көз ұшында қала берді тошала,
Ұрпақтарға ұя болған осы ара,
Қош бол, қош бол, мен аттанған босаға.
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Омархан Айнұр
- Омархан Айнұр
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі