Сырлы әуендер
Бұл бетте «Сырлы әуендер» атты Шәдәт Нұрсапақызы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Құшағына қамырық от күн көмді,
Кештім талай мұң жапқан көп күндерді.
Құстай ұшып жаныңа кеткім келді,
Бір оқталып бассалып өпкім келді.
Сезім табы жабықты сыртқа теуіп,
Ақ жүзіме қайғыдан секпіл қонды,
Ар күрзісі ақыры топшым бөлді.
Қанатымен ойлардың қияға ұштым,
Лапылдады жанымда өрт, қиял құштым.
Қан тамыр да күшейттті жиі ағысын,
Сезбедің-ау сезімнің күй ағысын.
Жырыма орап қағазға сия құстым,
Ұшқыр ойды ұяты шыжымдаған,
Жолы нәзік, ары аппақ ұяң құспын.
Тұрса-дағы әл құрып құр сүлдерім,
Тыңдатпағам жүрегім дүрсілдерін.
Келген дәтті тілім, ділім бөгеп,
Тістенгеннен ернімді тісім бөлді.
Іңкәрлықтың теңдессіз күшін жеңдім,
Түсінбесең сен тегі түсінбегін.
Зарық жүрек үдетсін дүрсілдерін,
Үміт гүлі солсын да ішімде өлсін.
Өзің алғаш шуақты түсірген күн,
Жол сенікі өйткені ұлсың дедім.
Егіз ұшқан ұялас құсым ба едің?
Түсінбестей тым ноқай кісім бе едің,
Намыс соты алдында кішірмедім.
Жазған құлы шығармын хазыреттің,
Сағынышты сарғайып азық еттім.
Жан көлімнің аққуы, қазы менің,
Көңілімнің ырғақты сазы менің.
Бұйырмаса тәп-тәтті әзілдерің,
Қалған жалған көрсетер азы не күн?!
Сағынышты жүрейін азық етіп.
***
Төрт жанардан төтенше жалын ұшып,
Сен екеуміз жолықтық сағынысып.
Отты укол қойғандай тамырымнан,
Бара жатты денемде қаным ысып.
Көк теректің көлеңке саясында,
Сағынғаннан отырмын әлі құшып.
Бар екенсің наркес көз, қарғам менің,
Әр сөзіңнен түсіндім арман лебін.
Қанатынан қайрылған боз торғайым,
Таба алмай зарыққан самғау көгін.
Әжім болып көшіпті маңдайыңа,
Баға жетпес кешегі бал дәуренің
Қандай белгің бар, күнім, өткеніңнен?
Нені іздедің жаныңның көктемінен.
Қызғалдақтай қырмызы жастық шағың,
Сағынышпен сарғайып өтті өмірден.
Екеумізге бар еді ортақ бақыт,
Соны іздедім уақыт беттерінен.
Тұра қалды кіреуке жанарға мұң,
Өзімді өзім жұбатып тағы алдадым.
Жылдар маған қайрылып қараған жоқ,
Жақұтымды жоғалтқан таба алмадым...
Ғұмырымды сыйлауға тиісті едім,
Өксікпенен өртенген саған жаным.
Жолдар бізді бастады қиырға сан,
Қазір менің ойым от, күйім масаң.
Қатал тағдыр кінәлі бәріне де,
Сен кіналі емессің бұйырмасаң.
Тірі аруаққа айналып кетермін мен,
Көз жасыңнан көлдеген тиылмасаң.
***
Бұл ғаламға шаттық үшін келгенмін,
Бірақ көрген қызығымды кем дедім.
Көкірегім күй боп мұңлы селдедім,
О дариға, өкінішім сен менің.
Жүректі жеп жүдетсе де өз қайғым,
Арманды асыл медеу тұтып тозбаймын.
Сағыныштың шоғын үрлеп қоздаймын,
Ән сазыңмен ботадайын боздаймын
Тыныс демнен жайды ұқпасаң күрсінем,
Жанды емдетер тәуібім боп тұршы үнем.
Бөрік талдың саясында аз еді-ау,
Таң атқанша жүз аймалап, мың сүйсем.
Көрген түстей көп елестен жай табам,
Жан сырымды бөгде кімге айта алам.
Сезімімнің тұнып тұрған теңізін,
Тәтті әніңнің самал лебі шайқаған.
Панам болған бәйтеректей тұлғаңның,
Ұмытылар ма саясында тұрған күн.
Бал дәуреннің бальзамдары секілді ед,
Шілдедейін шыжғырғанда бір жалын.
Дидарыңды жүрсем де көп жыл көрмей,
Әлсіреумен әрең шыққан үндердей.
Осы өлеңім жатты ішімде күн көрмей,
Қауашағын жара алмаған гүлдердей.
Орындалып ойыңдағы ізгі арман,
Шаттығыңның шағында осы гүл жарған.
Ізде мені сыр сандығы кеудеңнен,
Ізде мені қапия өткен жылдардан.
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Омархан Айнұр
- Омархан Айнұр
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі