Сары жапырақ

Бұл бетте «Сары жапырақ» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Күтудi махаббаттың нарқы санап,
Отырдым саябақта алты сағат.
Кеудемде үмiт пенен күдiк оты,
Тұтанды бiр-бiрiмен шарпыса қап.
Жұтап тұр жалаң қайың жапырақсыз,
Жұлыпты жас желегiн «ақымақ» күз.
Сап-сары жапырағын маған әкеп,
Сыйлады сенен гөрi жасырақ қыз.
Ұсынып жымияды: «Алыңыз, – деп –
Кiтаптың арасына салыңыз, – деп,
Қыс бойы еш орманнан таба алмайсыз
Осынау жапырақтың бәрiн iздеп...»
Алдым мен «Рахмет, қарындас, – деп, –
Қыс бойы бұл жапырақ табылмас», – деп.
Жырымның парағына жасырып ем
Кеттi ғой жүрегiммен бауырлас боп.
Сенiмен көптен берi жолығыспай,
Жанымыз келе жатыр әлi ұғыспай.
Iшiнде кiтабымның тұр жапырақ,
Сақталған саған деген сағыныштай...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері